387,09 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысындағы шаруашылықтар кооперативке бірігуге ниет білдірді

  • 1300

Жақында Елбасының «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» қол қойғаны белгілі.

Құжатта ұсақ және орта шаруашылықтарды кооперацияға біріктіруге баса мән берілген.

Виктор Приказюк – Танабай ауылының байырғы тұрғыны. Табысын арттыру үшін қолында мал ұстайды. Алайда кейде пайда таппақ түгілі, есіл еңбегі еш кетіп, шығынға батып қалатынын да жасырмайды.

Виктор Приказюк, Танабай ауылының тұрғыны:

- Мал ұстағаныма отыз жыл болды. Сүт өткізу Кеңес кезінде де қиын еді. Қазір де сол қалпы. Қабылдайтындар арзанға түсіріп, ойындағы бағасын айтады. Кей күндері тіпті алмай қояды. Біз оларға жалыныштымыз.

Виктор биыл кооперация құрылады дегенде белсенділік танытып, алғашқылардың бірі болып ұжымдасуға бел буды. Жалғыз ол емес, Танабайдағы 20 отбасы бірігуге ынта білдірген.

Қолдарында бірді-екілі мал ұстаған ауыл тұрғындары үшін ең күрделі мәселе өнім қабылдайтын орынның жоқтығы еді. Етін, сүтін сырттан келіп алатындар арзанға бағалайды. Сондықтан қазір тұрғындар жаңадан құрылып жатқан кооперативке көп үміт артады.

Тұрғындар кеңесе келе орталарынан Эмин Исмаиловты жетекші етіп сайлады. Шаруаның мал ұстап, сүт өндіріп келе жатқаны биыл он алты жыл. Тәжірибесі жеткілікті. Құрал жабдығы сақадай сай. Жақында мемлекеттің жеңілдігін пайдаланып, сүт таситын машина алды. Енді Танабай ауылының тұрғындары сүтін осында тапсырады. Одан ары өткізу жетекшінің міндеті.

Эмин Исмаилов, «Танабай» АӨК жетекшісі:

- Сүт сақтайтын танкерлеріміз бар, көлік мәселесі шешілді. Өңдеуші орындарға өткізсем, Үкімет сүттің әр литріне 10 теңгеден қосымша демеу қаржы береді. Ауылдың барлық сүтін қабылдап, күніне бір мезгіл қалаға апарып тапсырамыз деп жоспарлап отырмыз.

Қазір шаруашылықта мал төлдету науқаны жүріп жатыр. Сиырларды сауып, сүтін тапсырып, пайдаға кенелер күн де алыс емес.

Кооперативтер техника алса, оған елу пайыз жеңілдік бар, сондай-ақ 70 пайыз салықтан босатылады. Өткізілген өнімге де демеуқаржы беріледі. Бұл, ең алдымен, тұрғындарға тиімді. Өйткені әлі күнге мал-басының дені жеке тұрғындардың қолында.

Руслан Халықов, Алтынсарин ауданы әкімінің орынбасары:

- Біздің ауданында қазір 18 мың мал басы бар, оның жеке қосалқы шаруашылықтарында 12 мың ірі қара мал басы бар. Қазір сүт бағында Танабай кооперативін құрдық. Енді ет бағытында тағы да ашу жоспарда бар.

Бірігу алдыңғы кезекте ішкі нарықтағы азық-түліктің сапасын арттырып, бағасын тұрақтандырады. Одан ары жергілікті өнімнің экспорттық әлеуетін көтеруге ықпал етпек. Қостанай облысында биыл ауыл шаруашылығы кооперативтерінің санын 17-ге жеткізу жоспарланып отыр.

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров

Хабар 24 телеарнасы