387,09 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысындағы қағаз қалдықтарын өңдейтін зауыт өнімін 800 тоннаға дейін жеткізбек

  • 3881

Қостанай облысында екі бірдей кәсіпорын қағаз қалдықтарын іске жаратып отыр.

Олардың бірі жұмыртқа қораптарын жасайды, екіншісі картон шығарады. Шикізат жеткілікті. Өндіріс орындары айына 300 тонна қағаз қалдығын қайта өңдейді.

Жұмыртқа лотоктарын жасайтын желі тәулік бойына тоқтаусыз жұмыс істейді. Бір тонна қағаз қалдығынан 12 жарым мың жұмыртқа қорабы шығарылады. Оның бәрі жақын маңдағы құс фабрикасына жіберіледі.

Анатолий Дорожко, картон-қағаз комбинатының директоры:

- Әзірге жергілікті фабриканың сұранысын өтеп отырмыз. Болашақта өндірісті кеңейтіп, айына 2,5 миллионға дейін қорап шығарсақ деген жоспарымыз бар. Сол кезде Қазақстанның басқа аумақтарын қамтуға болады.

Ал енді осы кәсіпорынмен көршілес орналасқан өндіріс орны қоқыстан орама қатты қағаз өндіреді. Жақында ғана ашылғандықтан әлі күш алып кете қойған жоқ. Ал толық қуатына көшкен кезде шикізат өңдеу қазіргіден үш есеге дейін артады.

Даулет Есупов, кәсіпорын директоры:

- Бір тонна 200 келі қағаз қалдығынан бір тонна дайын өнім аламыз. Тәулігіне шамамен 8 тонна қоқысты өңдейміз. Толық қуатында жұмыс істейтін болсақ, айына 800 тоннаға дейін жеткіземіз.

Салмағы бір тонна басатын үлкен орама қағаз үш сағаттың ішінде дайын болады. Осы уақыт аралығында қағаз қалдықтары бірнеше өндірстік кезеңнен өтеді.

Кенжетай Тұрлығұлов, өндіріс басшысы:

- Алдымен сумен араластырамыз, сосын оны ұсақтаймыз. Одан кейін тазартып, кептіреміз.

Бұл кәсіпорынның өнімі еліміздің бірнеше аймағына жіберіледі. Жақында тағы бір жаңа цех іске қосылса, шет елдерге шығу ойлары бар.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров

Хабар 24 телеарнасы