389,38 430,50 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Лисаковск қаласында шығарылатын комбайн дестелегіштері сұранысқа ие

  • 1355

Лисаковск қаласында шығарылатын комбайн дестелегіштері сұранысқа ие.

Қостанай облысындағы шағын қаладағы зауыт алдағы бірнеше ай бойы екі ауысымда жұмыс істейді. Өйткені тапсырыс еселеп артқан.

Комбайн дестелегішіне қажетті кейбір ұсақ бөлшектер сырттан сатып алынады. Қалған бөлігі, 500-ге жуық жабдықтары осы зауытта жасалады. Қазіргі кезде бір агрегаттың отандық үлесі 62 пайызға жеткен.

Людмила Нестеренко, зауыттың техникалық басшысы:

- Бізде металды кесіп пішетін екі плазмалық құрылғы орнатылған. Қысып нығыздайтын, қиып тесетін, жонып өңдейтін заманауи станоктарымыз бар. Бәрін өзіміз істейміз.

Он сегіз жыл бұрын зауыт небары он дестелегіш ғана шығарған еді. Биыл 450 комбайн орағын жинауды жоспарлап отыр.

Николай Курило, өндіріс басшысының міндетін атқарушы:

- Өзіміз жетілдіріп, құрастырып, жеке шаруалардың алқабында сынақтан өткіземіз. Нақты тәжірибеде тексереміз.

Кәсіпорынның негізгі тұтынушыларының бірі – Қостанайдағы ауылшаруашылық техникаларын жасайтын зауыт. Олар белорус комбайндарына Лисаков дестелегіштерін салады. Биыл тағы 160 агрегатқа тапсырыс беріпті.

Сергей Хлебко, Қостанай автокөлік зауытының конструктор-инженері:

- Өзіміздің дестелегіштерді 760 және 740 комбайндарына ыңғайлап, келтіріп алдық. Келген техниканы сынақтан өткен дестелегіштермен қайта жабдықтаймыз.

Светлана Неустроева, дестелегіш құрастыратын зауыт басшысының көмекшісі:

- Қазақстанға жыл сайын әр жақтан 800-ден мыңға дейін комбайн әкелінеді. Біздің жоспарымыз – соларды өзіміздің дестелегіштермен қамтамасыз ету.

Отандық комбайн дестелегіштері Қазақстанда ғана емес, Ресейде де зор сұранысқа ие. Лисаковтық өнім көрші елдің бірнеше аймағына жіберіледі.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедьяров

Хабар 24 телеарнасы