378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысында ұлттық үлгідегі қыз жасауын дайындайтын тігін фабрикасы ашылды

  • 2195

Маңғыстау облысында ұлттық үлгідегі көрпе-төсек пен қыз жасауын дайындайтын тігін фабрикасы ашылды.

Кәсіпкер Баян Абдуллаева көптен бергі мақсатын жүзеге асыру үшін мемлекеттік қолдаудың көмегіне жүгінген. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы арқылы 15 млн теңге несие алып, 2 қабатты ғимарат тұрғызды. Өндірісті қажетті құрал-жабдықтармен жарақтап, жұмыссыз қыз-келіншектерді еңбекпен қамтыды.

Кәсіпкер Баян Абдуллаева мемлекеттік қолдаудың көмегімен шағын тігін цехын ірі фабрикаға айналдырды. 700 шаршы метр аумақтың басым бөлігі өндіріске арналған. Мұнда айына 2 жарым мыңдай ою түскен көрпелер мен құрақ көрпелер, жамылғы, жастық, перде және қыз жасауы дайындалады. Барлық дүние ою-өрнектермен көмкеріліп, ұлттық нақышта тігіледі. Фабрика алғашқы тапсырысты қабылдап үлгерді. Ақтаудағы қонақүйдің біріне кестеленген перде тігіп жатыр.

Баян Абдуллаева, кәсіпкер:

- Мен үшін мына тігіп жатқан өнімдеріміздің сапалы болғаны өте маңызды. Сол үшін арнайы жоғары сападағы материалдарды сатып аламыз. Жұмысшыларға деген талаптың бәрі сол бағытта. Сатып алушылардың ішінде де осы сапаны бағалайтындар өте көп. Сондықтан сатып алушылардың да саны күннен-күнге өсіп келе жатыр. Оны үлкен мақтанышпен айтамыз.

Фабрикада 16 шебер еңбек етуде. Барлығы да «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасқан. Гүлжайна Әбілова аз уақыттың ішінде жаңа үлгідегі жабдықтарды меңгеріп алды. Қазір ол күніне 20 көрпе-жастықты кестелеп шығарады.

Гүлжайна Әбуова, тігінші:

- Мен бұл жерге оқу бітіргеннен кейін Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастым. Бұл жерге келгенде көп нәрсе білмейтінмін. Бұл жерге келіп үйрендім. Ұстаздарымыз барлығын түсіндіріп, үйретті.

Бүгінде ұлттық бұйымдарға деген сұраныстың артуына орай, Баян Абдуллаева көрші облыстарда сауда нүктелерін ашуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ өндіріс көлемін ұлғайтпақшы. Қосымша құрал-жабдық алу үшін 20 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алмақ. «Даму» қоры жобаны мақұлдап та қойыпты. Бұл тағы да 30 жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік береді.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы