380,56 429.20 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысында құс фабрикасының алғашқы өнімі нарыққа шықты

  • 1168

Жұмыртқа өндірісі озық технологиялармен жабдықталған.

Толық автоматтандырылған желілердің арқасында,.. адам қолымен атқарылатын жұмыс азайды. Бұл өнімнің өзіндік құнын төмендетеді, сондай-ақ құстарды жұқпалы індеттерден қорғайды.

Жоба бойынша жұмыс 2013 жылы басталған болатын. Өткен жылдың ортасында алғашқы өнім алына бастады. Құс фабрикасы біртіндеп өндірістік қуаттылықты арттырып келеді. Сұрыптаушы Айнұр Есіркепова кәсіпорын ашылған күннен бері еңбек етеді. Бұрын ауыл тұрғындары жұмыс іздеп қалаға сабылатын. «Мұндай жобалардың ауылға келгені көңілге қуаныш ұялатады», - дейді ол.

Айнұр Есіркепова, сұрыптаушы:

- Мен баяғыда қалаға барып жүретінмін. Қазір, міне, құс фабрикасы ашылды, қазір осында жұмыс істеймін. Көңілімнен шығады осы жұмыс. Автоматтандырылған, құрылғылардың бәрі басқышпен істейді. Біз тек сұрыптаймыз.

Құс фабрикасы қазір тәулігіне 70 мың дана жұмыртқа шығарады. Енді бір жылда толық қуатқа көшеді. Онда тәулігіне 240 мың дана жұмыртқа алу межесі тұр. Құстардың азығынан бастап жұмыртқалардың сапасына дейін компьютермен бақыланады.

Сіләмбек Бәкіров, инженер:

- Мұнда тауықтарға жем шашу, су беру, ішін салқындату сияқты жұмыстар автоматты түрде жүзеге асады. Жарықтың өзі реттеліп отырады. Бұл 42 күндік балапандар. Олардың қалай өсіп жатқанын қадағалап отырмыз.

Бұл – асылтұқымды құс өсіретін шаруашылық. Балапандар Ресейден әкелінеді. 120 күннен кейін өндірістік секторға ауыстырылады. Әзірге құс фабрикасында 70 мың құс бар. Келешекте олардың саны 300 мыңға жеткізілмек. Бұған қолдағы құсханалар мен технологиялық жабдықтардың қауқары жетеді.

Ербол Досыбаев, құс фабрикасының директоры:

- Мұның бәрі өнімнің өзіндік құнына әсер етеді. Бәсекеге қабілетті баға саясатын қалыптастыруға автоматтық желілердің көмегі мол. Біз жасаған сараптамадан жұмыртқа сапасының жоғары екенін анықтадық.

Өнімнің сапасы құстың жем-азығына тікелей байланысты. Фабриканың құрама жем шығаратын өз зауыты бар. Жергілікті өнімге нарықта сұраныс жоғары. Сондықтан жұмыртқа дүкен сөрелерінде көп жатпайды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий  

Хабар 24 телеарнасы