Сенаттың әлеуметтік мәдени және ғылым комитетінің көшпелі отырысы Павлодарда өтті
Жұмысшы мамандар әдетте өңірлердің әлеуетіне қарай даярланады.
Өндіріс ошақтары көп шоғырланған Павлодар облысында машина жасау, қара және түсті металлургия, тау-кен, мұнай-химия, энергетика және ауылшаруашылығы мамандарына сұраныс жоғары. Ал өндіріс пен оқу орындары бір-бірімен қаншалықты ұштасып жатыр. Парламент Сенатының әлеуметтік мәдени және ғылым комитетінің көшпелі отырысы Павлодарда өтті. Сенаторлар химия-механикалық және түсті металлургия колледжінде болып, онда жұмысшы кадрларды даярлауға бағытталған білім беру бағдарламаларымен танысты. Сонымен қатар алюминий өнеркәсібі үшін шикізат өндіретін жалғыз кәсіпорын - "Қазақстан Алюминиі" акционерлік қоғамына барды. Еңбек ұжымымен кездесіп, саланы дамытуда жаңа технологияларды енгізумен қатар мамандарды оқытудың өзекті мәселелерін талқылады.
Әсем Рахметова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Бүгінгі таңда зауыт болсын, өндіріс болсын маман тапшылығына тіреліп отырмыз. Одан кейін кейбір колледждерде керісінше кейбір мамандарды көп даярлап, еліміздің нарығына қажетті мамандардың аз болуы да алаңдатады. Осы саладағы мамандардың жалақысын айтып өттік одан кейін мына өндіріспен оқу орындарын бірлестіру бір-бірімен үйлестіру мәселесіне де көңіл аудару керек.