Елімізде «Әкімдер мектебі» жұмысын бастады
Елімізде «Әкімдер мектебі» ашылды. Тың жобаны «AMANAT» партиясының базасындағы сараптамалық орталық жүзеге асырады. Үкіметтің Өңірлік саясат жөніндегі жобалық кеңсесі осы орталықта аудандық және ауылдық округ әкімдеріне экономикалық даму бағдарламаларын іске асырып, басқару процесін цифрландыруға көмектеспек. Орталықтың жұмысымен Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов пен Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев танысты.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында халық сайлаған әкімдер басқару ісіне кіріскенін атап өтті. Олардың арасында мемлекеттік қызметте тәжірибесі жоқ түрлі сала мамандары бар. Сондықтан Президент «AMANAT» партиясының тәжірибесін ескере отырып, «Әкімдер мектебі» жобасын іске қосуды тапсырған болатын.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Жасап жатқан жобаларымыздың барлығы Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тауып жатқанын өздеріңіз де білесіздер. Сондықтан Президент осы жобаны қолдады. Үкіметке тапсырма берілді. Осы жобалардың көбі қазір жалпыұлттық, жалпыхалықтық жобаға айналды. Біз бұған дейін «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» сол жобалардың барлығы ауылды көтеруге бағытталған.