Б.Уәли: Президенттің кез келген тапсырмасы мен бастамасы еліміздің дамуы үшін аса маңызды

Жауапкершілік жүгі жеңіл болмайды. Мемлекет басшысының кез келген тапсырмасы мен бастамасы елдің дамуы үшін аса маңызды. Бүгін «Айқын» газетіне берген сұхбатында Президенттің кеңесшісі, әрі Баспасөз хатшысы Берік Уәли осылай деді.

Сұхбатта Берік Уәли жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы міндеттерге тоқталып өтті. Оның ішінде салық саясаты, экономиканы әртараптандыру, жаһандық сын-қатерлер сынды маңызды мәселелер бар.

«Қосымша құн салығын көтеруге қатысты Президент бұл тарапта түрлі нұсқаны қарастырып, оның мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс екеніне ерекше мән берді. Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, сарапшылар мен депутаттардың, яғни, барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керегін қадап айтты», -деді Мемлекет басшысының кеңесшісі. Сұхбат барысында Берік Уәли Президенттің инфрақұрылымды дамыту мәселесіне мән бергеніне де тоқталды.

Цитата

Берік Уәли, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы:

- Кейінгі жылдары еліміздің бірқатар қаласының жылу жүйелері қыстың көзі қырауда апатқа ұшырағаны қоғамға мәлім. Мұндай оқиғалардың елдің беделіне нұқсан келтіретіні де күмәнсіз. Осы орайда Президент нарық талабына сай тариф саясатын қайта қарауды тапсырды. Өйткені ТМД елдеріндегі баға біздің нарықтан әлдеқайда жоғары. Бұл – контрабандалық қылмысты өршітетін жағдай. Тіпті шекара бағандарының астынан тоннель қазып, жанар-жағармай тасыған оқиғалар орын алғанын құзырлы органдарымыз анықтады. Сондықтан энергияға, жылуға, суға қатысты тұтыну бағаларын өзгерту коммуналдық нысандарды дер кезінде жаңа стандарттарға бейімдеуге мүмкіндік беретінін ұмытпаған ләзім. Президент айтқандай, ескірген энергетикалық нысандарды инновациялық стансалармен алмастыру керек. Қуат көзі тапшылығы артқан сайын атом энергиясын пайдалануға сұраныс күшейеді. Бұл тұрғыда Қазақстан атом өнеркәсібіне қажетті отын көзінің үлкен қорына ие екені белгілі. Яғни, уранға бай елміз. Сонымен қатар электр желілерін біріктіру, газ-бу қондырғылары мен құбыр желілерінің құрылысын аяқтау туралы нақты тапсырмалар жүктелді.