Қ.Тоқаев: Мақсатымыз – қуатты және өркендеген Қазақстанды құру
Елдің атын ер шығарар. Бүгін Мемлекет басшысы Дубай төрінде өткен SWAT Challenge сайысында топ жарған күштік құрылымдардың бір топ офицерін марапаттады, деп хабарлайды 24kz.
Айта кету керек, Әмірліктерде осы жолы ел намысын 12 команда қорғады. Ішкі істер министрлігінің «Сұңқар» және «Томирис» командалары халықаралық жарыстың күміс жүлдегері атанды. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» командасы төртінші орынға ие болды. Жеңімпаздарды құттықтаған Қасым-Жомарт Тоқаев бұл табыс тиянақты дайындық пен қажырлы еңбектің нәтижесі екенін атап өтті.
Риат Шони, тілші:
- Бұл – арнайы жасақтардың олимпиадасына баланған SWAT Challenge жарысы. Биыл Дубайда өткен дүбірлі додада ел намысын 12 команда қорғады. Сарбаздар жарыстың алғашқы күні-ақ көшбасшылардың қатарынан көрінді. 5 күн өткен сайыс қорытындысы бойынша Ішкі істер министрлігінің «Сұңқар» командасы 105 команданың ішінде жүлделі екінші орынды иеленді.
Ал бүгін иықтарында жұлдыздары жарқыраған сарбаздардың жұлдызды сәті. Ақорда резиденциясында Әмірліктерде ел намысын абыроймен қорғап келген жауынгерлерді Мемлекет басшысы құттықтауға жинады.
6 құрлықтың 46 мемлекетінен келген жауынгерлер сынға түскен сайыста қазақ сарбаздары бүкіл ұлттың намысын арқалап, ел рухын асқақтатты. Жеңімпаздарды құттықтаған Мемлекет басшысы бұл табыс тиянақты дайындық пен қажырлы еңбектің нәтижесі екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Елдің атын ер шығарар» деген. Сайыпқыран сарбаздарымыз көк туымызды асқақ желбіретті.
Төрткүл дүние жауынгерлеріміздің мықтылығына куә болды. Біз сіздерді мақтан тұтамыз. Осындай жеңісті сәттер барша халқымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың рухын көтереді. Ел қорғаны мықты болса, Қазақстанның еңсесі әрдайым биік болмақ.
Антына адал, сертіне берік. Бұл – қазақ сарбазының нағыз болмысы! Елдегі тыныштықты қамтамасыз етіп, Заң мен тәртіп сақшысы болып жүрген жауынгер әділетті әрі қауіпсіз мемлекеттің өзегі. Биыл біз Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтеміз. Өз сөзінде Президент бұл – бостандық пен әділдік ұғымдарын ту етіп, майданда жанқиярлықпен шайқасқан, тылда еңбек еткен барша қазақстандықтарға көрсетілген құрмет екенін айтты. Батырларымыздың теңдессіз ерлігін ұрпақ жадында сақтау – парызымыз. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыздың ерлік дәстүрі тереңде жатқанына назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінде сіздер жауынгер халықтың ұрпағы ретінде Отан алдындағы қасиетті парызды терең түсініп, адал қызмет етіп жүрсіздер. Бәріңіз де еліміздегі бейбіт өмірді сақтау үшін табанды еңбек етіп келесіздер. Сіздерді заң мен тәртіп сақшысы деуге толық негіз бар. Заң мен тәртіп – әділетті әрі қауіпсіз мемлекеттің өзегі.
Елдің іргесін сөгуде іріткі салатындар жетерлік. Былтыр Ұлттық қауіпсіздік комитеті заңсыз әрекеттердің адын алу ұшін 20-дан астам жедел жауынгерлік іс-шара өткізді. 2 террорлық актінің жолын кесіп, арам ойлы қаскөйлерге тосқауыл қойды. Былтыр Күштік құрылымдар мен арнаулы қызметтер атқарған осы сынды жұмыстар жетерлік.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ұлттық ұлан жасақтары төтенше жағдайлардың салдарын жоюға белсене атсалысты. Ішкі істер министрлігінің құрылымдары ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Өткен жылы есірткі өндіретін 64 орын жабылды. 22 мың тонна есірткі тәркіленді. Есірткіні жарнамалаған 7,5 мың сайт бұғатталды. Екі млрд теңгеден астам қаржыны шетелге шығармақ болған алаяқтардың жолы кесілді. Соңғы үш жылда 8 мыңға жуық түрлі қару-жарақ табылды. Мұндай мысалдар өте көп.
Арнаулы қызмет қатарындағы мыңдаған сарбаз мемлекеттің егемендігі мен азаматтардың қауіпсіздігін қорғап жүр. Жауынгерлеріміз қашанда Отан алдындағы антына адал.
Қазақ – әрқашанда тарихқа тағзым етіп, дәстүрден жаңылмаған ел. Тіпті оны заманауи құндылықтармен қатар ұштастырып прагматизмге әлдеқашан бет бұрған. Қазір көптеген алпауыт елдер де сыртқы және ішкі саясатындағы ұстанымдарын қайта қарап жатыр. «Біз алдағы уақытта да ешкімге жалтақтамай, өз саясатымызды жүргіземіз», - деді, Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сондықтан біз алдағы уақытта да ұлттық мүддемізді қорғап, елімізге лайықты бірегей жолмен жүреміз. Жалпыұлттық құндылықтарымызды дәріптейміз. Ешкімге жалтақтамай, өз саясатымызды жүргіземіз. Өйткені біздің мақсатымыз – айқын. Бұл – қуатты және өркендеген Қазақстанды құру.
Бұдан соң Президент офицерлердің қызметіне сәттілік тілеп, ерекшелене түскендерді мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Айта кету керек, Дубай төріндегі жарыста ел намысын алғаш рет қыздардан құралған команда да қорғады. Жеңіске деген жігер танытқан Ішкі істер министрлігінің «Томирис» құрамасы бұл жарыста күміс жүлдегер атанды.
Айнагүл Байжігітова, ҚР ІІМ «Томирис» командасының капитаны:
- Біздің «Томирис» командасы алдымызға үлкен жауапкершілікті жүктеді. Өз кегезімізде қазақтың қайсар қыздары өжет екенін дәлелдеп бердік. Жарыстың әр кезеңі алдында артымызда сенім артқан халқымыз тұрғанын сезіндік.
- Құрметті Президент мырза, Қазақстанның барлық полицей қыздарының атынан біз алдымызға қойған кез келген тапсырманы орындауға дайын екенімізді жеткізгім келеді.
Бұдан бөлек, бұл сайысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» командасы төртінші орынға ие болды. Сондай-ақ Мемлекеттік күзет қызметі мен Қорғаныс министрлігінің командалары да шеберліктің үздік үлгісін көрсетті.
Мерлан Ұлтанбаев, ҚР МКҚ «Сардар А» командасының мүшесі:
- Осы жарыс күндері кірпік қақпай бізге жанкүйер болған, үміт артқан барша қазақ халқына шын алғысымды білдіреміз. Жарыс барысы өте қызықты және тартысты болды. Биылғы дайындығымыз физикалық, тактикалық тұрғыдан, барлық жылдамдығы жағынан жақсы болып қатыстық. Келер жылда «Сардар» командасы бұдан да жоғары нәтиже көрсетуге тырысамыз.
SWAT Challenge сайысы – тек мықтылардың мықтысы сыналатын, кәсіби шеберлік пен жауынгерлік рухтың шарықтайтын алаңы. Қазақ сарбаздарының қайсарлығы – Тәуелсіз елдің айбынды қорғаны, Отанға адал қызмет етудің жарқын дәлелі. Міне, осы қасиеттерді біздің сарбаздар бүкіл әлемге паш ете білді.
Авторлары: Риат Шони, ПТРК