«AMANAT» партиясының биылғы басым міндеттері айқындалды
«AMANAT» партиясы «Ауыл аманаты», «Әкімдер мектебі» және тағы басқа партиялық жобаларды жүзеге асыруға басымдық береді. Сондай-ақ ауылдағы және екі қолға бір күрек таппай жүрген жастармен жүргізілетін жұмыс күшейтіледі. Бұл туралы Мәжіліс спикері, «AMANAT» төрағасы Ерлан Қошанов ұйымдастырушылық жиынның барысында айтты.
Партиялықтар былтыр атқарылған жұмысты қорытындылап, алдағы міндеттерді айқындады. Ерлан Қошанов: «Партияның басты міндеті – азаматтардың өзекті мәселелерін шешу мен олардың тұрмысын жақсарту үшін тұрақты жұмыс жүргізу», – деді. Жиында елдегі ауқымды реформалардың нәтижесінде экономикадағы, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығындағы және өзге де салалардағы бұрыннан келе жатқан мәселелер шешіліп жатқандығы айтылды.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «AMANAT» партиясының төрағасы:
- Әлемде болып жатқан және ел ішіндегі ахуалды көріп отырмыз. Экономикада өзекті түйткілдер бар. Жүйе құраушы саяси күш ретінде партия өз жобаларымен, қабылданып жатқан заңдарымен азаматтар көтерген мәселелерді шешуге өз үлесін қосуы керек. Партия әркімнің жан дүниесімен үндесетін қадамдар жасай білуге тиіс.