Сенат Төрағасы ислам диалогын нығайту жөніндегі халықаралық конференцияға қатысты
Парламент Сенатының Төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев Бахрейн астанасы – Манама қаласында өткен ислам диалогын нығайту жөніндегі халықаралық конференцияға қатысты.
Палата Спикері Форум алаңында «Әл-Азһардың» Жоғарғы имамы шейх Ахмед ат-Тайебпен, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы Шейх-ул Ислам Аллашүкір Паша-Задемен және Конференцияға келген басқа да бірқатар қатысушымен екіжақты кездесулер өткізді. Пленарлық сессияда Мәулен Әшімбаев қазіргі таңда адамзат ішкі қайшылықтар, геосаяси тұрақсыздық, қарулы қақтығыстар, экстремизмнің насихатталуы сияқты жаһандық сын-қатерлерге тап болып отырғанын айтты. Бұл ретте Сенат Спикері Қазақстанның жаһандық дінаралық диалогты ілгерілету және нығайту бағытындағы маңызды рөліне назар аударды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының басшысы:
- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел ішінде де, әлемдік аренада да бірлік, өзара түсіністік және конфессияаралық диалог мәдениетін дәйекті түрде дәріптеп келеді. Қыркүйек айында Астанада «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбына арналған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Съезі өтеді.