Қазақстан мен Қырғызстанның Үкімет басшылары келіссөздер жүргізді

Қазақ-қырғыз қарым-қатынасы қай салада да қарқын алып келеді, деп хабарлайды 24kz.

Соңғы 15 жылда Қазақстан көршілес елге 1,3 млрд доллар шамасында инвестиция құйған. Ендігі меже – 2030 жылға дейін оны 3 млрд долларға жеткізу. Бұл жайында екі ел президенттерінің арнайы тапсырмасы бар. Бүгін қос тараптың Үкімет басшылары шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізіп, ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады. Бұл Қырғызстанның Премьер-министрі, Адылбек Қасымалиевтің Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапары. Олжас Бектенов келелі кездесу сан қатпарлы байланысқа жаңаша серпін береріне сенім білдірді. Қырғыз тарапы да арадағы әріптестікті жоғары бағалады.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Мемлекет басшыларымыздың өзара сенім мен шынайы достық рухындағы тұрақты байланыстары біздің көпқырлы қатынастарымызды жаңа белестерге көтеруге ықпал етті. Сауда байланыстарын нығайту және тереңдету екі ел экономикасының дамуына мультипликативті әсер етеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көрсеткіштері тағы да артып, $1,7 млрд-ты құрады. Сонымен қатар біз сауда-экономикалық өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту үшін айтарлықтай әлеуетті көріп отырмыз.