Цифрландыру және ғарыш саласындағы қазақ-қырғыз серіктестігі нығаяды
Қазақ-қырғыз қатынасы цифрландыру және ғарыш саласында қарқын алмақ. Үкімет басшысы Олжас Бектенов пен Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Қасымалиев әріптестікті нығайтудың келешегін талқылады.
Алдымен отандық мамандар жетістіктерімен және әзірлеген цифрлық шешімдерімен таныстырды. Атап айтқанда, Жерді қашықтан зондтау және ғарыш мониторингі әзірлемелерін ұсынды. Табиғи ресурстарды басқару, ауыл шаруашылығы және төтенше жағдайларды бақылауға арналған технологиялардың мүмкіндігі көрсетілді. Тараптар мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыру үшін жасанды интеллектіні пайдалану бойынша тәжірибе алмасты. Үдерістерді автоматтандыруға және мемлекеттік әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға ықпал ететін инновациялық бастамаларды іске асыру тәжірибесі атап өтілді. Қазіргі уақытта eGov электрондық үкіметінің мобильді қосымшасын пайдаланушылар саны 10 млн-ға жетті. Сервис арқылы азаматтарға 1 мыңға жуық қызмет түрі қолжетімді, олар арқылы 72 млн қызмет көрсетілді.