Қазақстандық антикор вьетнамдық әріптестерімен ынтымақтастығын нығайтып жатыр
Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі вьетнамдық әріптестерімен ынтымақтастығын нығайтып жатыр. Отандық антикор шетелдік тәжірибені зерделеу және енгізу бойынша жұмыстарын жалғастырып келеді.
Агенттік төрағасы Асхат Жұмағали бастаған бір топ маман екіжақты өзара іс-қимылды нығайту мақсатында Вьетнамға алғашқы сапарын жасады. Сапар аясында қазақстандық делегация өкілдері Вьетнам премьер-министрінің бірінші орынбасары Нгуен Хоа Бинмен және басқа да жоғары лауазымды тұлғалармен кездесулер өткізді. Бұл кездесулер – 2023 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарының нәтижесі. 2016 жылдан бастап Вьетнамда жемқорлыққа қарсы саясат күшейтіліп, «Ыстық пеш» науқаны қолға алынған. Бұл бастаманың мақсаты – мемлекеттік аппаратты сыбайлас жемқорлардан тазарту, сондай-ақ заңсыз алынған активтерді қайтару.