Елімізде сотталған әйелдерге қатысты заңдық ұстанымдар қайта қаралады
Елде сотталған әйелдерге қатысты кейбір заңдық ұстанымдар қайта қаралады.
Президент Ұлттық Құрылтайда бұл мәселені құқық қорғау органдары мен депутаттарға тапсырды. Әйелдер колониясындағы ахуалды белгілі адвокат Айман Омарова көтерді. Ол Мемлекет басшысына хат жолдап, жүкті және кішкентай балалары бар әйелдердің жағдайына баса назар аударуды сұрады. Қасым-Жомарт Тоқаев "Заң мен тәртіп" қағидатын сақтай отырып, шешімін қарастыруға дайын екенін жеткізді.
ЦИТАТА:
«Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесінің мақсаты сотталған азаматтарды жазалау емес, түзету болуы керек деген пікірмен келісемін. Ер адам немесе әйел болсын, бас бостандығынан айырылғандардың бәрі заң алдында бірдей екені түсінікті.Дегенмен адамгершілік құндылықтарды басшылыққа алып, «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтай отырып, кәмелетке толмаған баласы бар әйелдерге қатысты кейбір заңдық ұстанымдарды қайта қарауға болады деп ойлаймын. Құқық қорғау органдары мен депутаттар осы мәселені байыпты әрі жан-жақты зерттеп, шешім қабылдау үшін ұсыныстар енгізуі керек».
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев