Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының келешегі талқыланды

Бүгін Астанада Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата жанындағы Сарапшылар клубының отырысы өтті.

Онда Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі аспектілері талқыланды. Сондай-ақ қатысушылар түрлі саладағы бірлескен жобаларды іске асыру жөнінде өз ұсыныстарын айтты. Клуб отырысына Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитеті Халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі Лю Цзянь-чао қатысты. Мәулен Әшімбаев бұл кездесудің Наурыз мерекесі кезеңінде өтуі Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастардың жаңарғанын және сапалы деңгейге көтерілгенін білдіретін символдық мәнге ие екенін атап өтті. Өз кезегінде Лю Цзянь-чао қазақстандық тарапқа алғыс білдіріп, Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі екенін жеткізді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Соңғы 30 жылда Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестіктің бұрын-соңды болмаған деңгейіне жетіп, жаңа тарихи кезең – "алтын отыз жылдыққа" қадам басты. Ең алдымен, бұл біздің мемлекеттеріміздің басшылары арасындағы тығыз және сенімді диалогтың нәтижесі. Елдеріміздің көшбасшылары – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің күш-жігерінің арқасында екі жақты диалог, тың серпінмен дамып келеді. Дәстүрлі бағыттардан бөлек цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласы ерекше қызығушылық тудырып отыр. Біз осы бағытта да өзара ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіміз.