Мәслихаттар Сенаттың заң шығару барысына қатысады

Жоғары палата жанындағы мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деді.

Мәселен, бұған дейін жаңа Бюджет кодексін қарау кезінде 90-ға жуық түзету енгізілді. Олардың көп бөлігі өңір мәслихаттарының бастамасымен ұсынылған. Ал, жақында  жоғарғы палата Салық және Құрылыс кодекстері, Банктер туралы жаңа заңды талқылайды. Осы заңдарды қарауға да мәслихат депутаттары үлес қоспақ.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Мәслихаттар еліміздегі 30 жылдан астам тарихы бар іргелі институт. Осы жылдар ішінде бұл орган билік жүйесінің жергілікті жердегі толыққанды мүшесіне айналды. Жалпы республика бойынша 3300-ден астам мәслихат депутаты бар. Бүгінде оларға маңызды міндет жүктелген. Қазірде мәслихаттар жергілікті бюджетті бекітіп, жүйелі орындалуын қадағадайды. Жергілікті атқарушы органдардың қызметіне мониторинг жүргізеді. Сонымен қатар мәслихаттар еліміздің Парламент Сенатын жасақтайтынын айрықша атап өткен жөн.

Жиында мәслихат депутаттарын «Мемлекет пен халық арасындағы алтын көпірге» теңеді. Бұл сөз бекер емес. Бүгінде Мемлекеттік және өзін өзі басқару жүйесіндегі мәслихаттардың рөлі күшейе түсті. Маңызды шешімдер қабылдауда мәслихат депутаттары батыл қадам жасай бастаған. Алқалы жиында айтылған мәселенің бірі осы. Сондықтан болашақта да жергілікті мәслихаттарға артылар жүктің салмағы ауыр. Әсіресе әлеуметтік саланың аяқ алысына оң ықпал етіп отыр. Мәселен жалақы мен шәкіртақы өсіп келеді. Қазына қаражатын  тиімді игеруді қадағалау күшейді. Нәтиже бар. Айталық,  биыл 200-ге жуық мектеп ашылады. Үш жыл ішінде 1300 оқу ошағы қайта жаңғыртылады.  Ел ауылдарында  соңғы жылдары 263 медициналық нысан бой көтерді. Биыл жыл соңына дейін осындай тағы 188 нысан ашылады. Өңірден келген мәслихат депутаттары бюджет қаражатын үнемдеуге қатысты ұсыныстарын да ортаға салды.

Гүлнар Тойлыбаева, Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы:

- Президентіміздің алдағы 3 жылда мектептерді жаңғыртуды айтқан. 1300 мектеп жөнделеді. Соның ішінде біздің Жетісу облысында 57 мектеп қайта жөнделеді. Соның ішінде биыл 7 мектепке бізде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қалған 20 мектепке алдағы уақытта 89 млрд қаражат қажет етеді. Соны орталықта түсірілген методологияға қарап есептесек 16 млрдқа дейін төмендетілгені көрсетіледі. Осы айырмашылыққа байланысты жобалардың қымбаттап кетпеуіне байланысты бюджет қаражыны үнемдеу мәселесін өз ұсыныстарымызда айттық.

Биыл өңірлерді өркендетуге 7,7 трлн теңге қарастырылған. Бұл жалпы республикалық бюджеттің 30 пайызы. Ал биылғы жергілікті бюджет шығыстары 19,3 трлн теңгеге жетті. Демек қазына қаржысын оңды-солды шашпай, тиімді пайланау маңызды. Ол үшін мәслихаттардың қырығалығы қажет.

Мәди Такиев, ҚР Қаржы министрі:

- Өңірлік деңгейде нақты экономикалық белсенділік қалыптасып жатыр, жұмыс орындары ашылып, халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай қамтамасыз етіліп отыр. Бірақ біз үшін мәслихаттарды тек қаржыландырумен ғана емес, сол сияқты оны пайдалану және бақылаудың тиімді құралдарымен қамтамасыз ету маңызды.

Соңғы жылдары Парламент мәслихаттармен бірлесе отырып, өңірде қордаланған мәселелерді шешуге арналған маңызды заңдар қабылдады. Бұдан былай да үлкен жауапкершілік жүктеледі. Мәслихаттар бұл тұста халықтың талап-тілегін тікелей Парламентке жеткізеді. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Мемлекет басшысы қолға алған реформалардың жаңа кезеңінің мәні – сапалы өсуді қамтамасыз етуге, әлеуметтік қорғаудың жаңа деңгейіне көшуге, мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға және қоғамды ортақ мүддеге жұмылдыруға арналған ішкі саясат жүргізу. Президентіміз Әділетті Қазақстан құру үшін дұрыс құндылықтар жүйесі мен саяси мәдениет қалыптастыру қажет екенін, сол жолда қажырлы еңбек ету керектігін айтты. Бұл жерде мәслихаттар маңызды рөл атқарады. Мәслихаттар жергілікті жерлерде қоғамды ұйыстыратын орталық болуға тиіс. Жалпы Президент реформаларының жаңа кезеңін іске асыруда жергілікті билік органдарына ерекше миссия жүктеледі. 

«Заманына қарай амалы». Басқарудағы қалыптасқан шешімдердің шеңберінен шығатын кез келді. Осылай деген Сенат Төрағасы басқару ісіне жаңашылдық керектігін жеткізді. Мәслихаттарды Саяси институт ретінде нығайту қажеттігі айтылды. Жалпы бүгінгі кеңес алаңында талқыланған өзекті мәселелер мен ұсыныстар елеусіз қалмайтын болды.

Айнұр Қуатқызы, Өрден Жарқынұлы