Астана, Алматы және Қарағанды қалаларына «Еңбек даңқы қаласы» атағы беріледі
Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Астана, Алматы және Қарағандыға «1941-1945 жылдар. Еңбек даңқы қаласы» құрметті атағы беріледі. Бұл туралы Алматыдағы ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында белгілі болды.
Ұйым, пікір алмасу, бірлескен күш-жігерді үйлестіру алаңы саналады.
Дәстүрлі жиын ТМД делегациялары басшыларының бірлескен суретке түсуінен басталды. Кеңеске тоғыз елдің Сыртқы істер министрлері қатысты.
Кездесу барысында халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Делегаттар ТМД-ға мүше мемлекеттердің 2026-2030 жылдарға арналған шекаралық және сыртқы шекаралық қауіпсіздікті нығайту саласындағы ынтымақтастық бағдарламасын қолдады.
Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ҚР Сыртқы істер министрі:
- Отыз жыл ішінде Тәуелсіз мемлекеттер достастығы өзінің өміршеңдігі мен сұранысқа ие екендігін бірнеше рет дәлелдеді. ТМД кеңістігінде ынтымақтастық пен достық нығайып, өзара сенімнің сақталып келе жатқаны қуантады. Қазақстан дәстүрлі түрде Достастыққа мүше мемлекеттермен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуды қолдайды. Еліміздің бастамасы серіктестер мен атқарушы комитет тарапынан кең қолдау тауып жатқанына ризамыз.
Тәуелсіз мемлекеттер достастығының Бас хатшысы Сергей Лебедев күн тәртібінде бірнеше құжаттың қаралғандығын жеткізді. Олардың ішінде Жеңіске үлес қосқан қалаларға «Еңбек даңқы қаласы» атағын беру мәселесі бар. Енді еліміздің Астана, Алматы, Қарағанды қаласына «1941-1945 жылдар. Еңбек даңқы қаласы» құрметті атағына ие болмақ. Қазақстандықтар жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Тылда да қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Біздің елден майданға 1 млн 200 мың жауынгер аттанды. Майданға 5 млн тоннадан астам нан, 800 мың тонна ет жөнелтілді. Сонымен қатар 10 оқтың 9-ы біздің елден шыққан қорғасыннан құйылды. Б»ұл біздің ортақ жеңіске қосқан үлесіміз», - деді Сыртқы Істер министрі Мұрат Нұртілеу. Кеңесте волонтерлер форумын өткізу жайы да талқыланды.
Сергей Лебедев, ТМД Бас хатшысы:
- Қазақстан Президентінің ТМД волонтерлер форумын өткізу туралы бастамасын қолдаймын. Бұл бастама кеңінен қолдау табатынына сенімдімін. Сіздердің елге Тәуелсіз мемлекеттер достастығы Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысын жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіремін.
Достастық мемлекеттері саяси диалогты одан әрі нығайтып, қауіп-қатерлерге бірге қарсы тұрады. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі. Көлік-логистикалық әлеуетті арттырады. Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударады.
Сироджиддин Мухриддин, ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің төрағасы, тәжікстан сыртқы істер министрі:
- Бүгінгі министрлер кеңесі отырысында Тәжікстан төрағалығының жоспарына сәйкес маңызды іс-шаралар өтетіндігін атап айтқым келеді. Үкімет басшылары кеңесінің отырысы 5 маусымда Душанбеде өтетінін хабарлаймын. Тәжікстан астанасында премьер-министрлер еліміздің бастамасымен ТМД-ға мүше мемлекеттердің ауыр машина жасау саласын дамытуға қатысты ынтымақтастық туралы келісімге қол қояды деп жоспарлаймыз.
Алматыдағы отырыс дәстүрлі достық атмосферада өтті. Тараптар Достастық аясындағы ынтымақтастықты дамытуға және осы ұйымның көпқырлы әлеуетін одан әрі нығайтуға уағдаласты. Сыртқы істер министрлері кеңесінің келесі отырысы биыл қазан айында ТМД Мемлекет басшылары саммитінің қарсаңында Душанбеде өтеді.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон