Премьер-министр Қордайдағы көлік-логистикалық кешенінің құрылысын тексерді

Премьер-министр Олжас Бектенов Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысты. Үкімет басшысы Қордай ауданындағы индустриялық сауда-логистикалық кешенін аралады.

Ол Қазақстан тарапындағы «Қарасу» және Қырғызстан тарапынан «Ақ-Тілек» өткізу бекеттеріне іргелес орналасқан. 

Бұл жоба екі елдің тауар айналымын 3 млрд долларға дейін ұлғайту жоспары аясында жүзеге асырылуда. Сондай-ақ облыста сүт, ет, жидек және көкөніс, тоқыма, фармацевтика және басқа да өнімдер өндірісінде кооперациялық жобалар үшін инфрақұрылым жасалып жатыр. «Жобаға жәрдемдесу үшін инженерлік инфрақұрылым мәселелерін мүмкіндігінше қысқа мерзімде шешу қажет», - деді Олжас Бектенов. Айта кетейік, Жамбыл облысында былтыр 2,2 трлн теңгеге өнім шығарылған. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 188 млрд теңгеге жетсе, оның 122 млрд теңгесі өңдеу саласына тиесілі.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Бұл – екі мемлекеттің өзара іс-қимылы аясындағы өте маңызды жоба. Елдеріміздің президенттері алдымызға тауар айналымын ұлғайту міндетін қойды, сондықтан бұл жобаға деген қызығушылығымыз ортақ.  Индустриялық сауда-логистикалық кешен бізге тауар айналымын арттыруға және бірлескен индустриялық және логистикалық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Жобаның стратегиялық маңызы зор. Ешқандай кідіріс болмауы тиіс. Біз өз тарапымыздан мемлекет ретінде міндеттемелерімізді орындап жатырмыз.

Қордай ауданындағы цемент зауытында 500-ден астам жұмыс орны ашылады

Жамбыл облысы Қордай ауданындағы цемент зауытында 500-ден астам жұмыс орны ашылады. Кәсіпорын жылына 1,5 млн тонна цемент өнідіреді. Өнімдер ішкі нарықта сатылады, сонымен қатар Өзбекстанға, Ресейге және Қырғызстанға экспортталады.

Тимур Кузубаев, «Korcem» ЖШС бас директорының көмекшісі:

- Жалпы өндіріс қуаты жылына 1,5 млн тонна цементті құрайды. Бүгінгі таңда 50 млрд теңге игерілді. Осы жылдың бірінші, екінші тоқсандарында 260 жұмыс орны ашылды. Төртінші тоқсанның соңына дейін негізінен Қордай ауданының тұрғындарына арналған 280 жұмыс орны ашылады.