Гуанчжоуда Қазақстанның Бас консулдығы ашылады
Қытайдың Гуанчжоу қаласында Қазақстанның Бас консулдығы ашылады. Бұл туралы Алматыда өткен көршілес елдердің арасындағы Стратегиялық диалогтың екінші отырысында айтылды.
Жиынға Премьер-министрдің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу және Қытай Халық Республикасының сыртқы істер министрі Ван И қатысты. Кездесуде тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуды талқылады. Былтыр екіжақты тауар айналымы рекордтық 43,8 миллиард долларға жетті. Қос мемлекет жақын арада өзара сауда көлемін екі есе арттыруға ниетті. Қазір қазақ-қытай инвестициялық пулы 224 жобаны қамтиды.
Кездесу қорытындысы бойынша екі елдің сыртқы істер министрліктері арасында 2026-2028 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ал ертең Алматыда «Орталық Азия – Қытай» форматындағы VI сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтеді.