Қ. Тоқаев: Қазақстанда барша азаматқа бірдей мүмкіндік берілген

Биыл елдегі татулық пен тұрақтылықтың алтын арқауына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл толды. Осыдан 30 жыл бұрын іргесі қаланған Ассамблея – өркениетті әлемге өзінің өміршеңдігін жан-жақты дәлелдеген институт. Шынымен де, қоғамдық келісімнің кепілі болған Ассамблея еліміздегі тұтастықтың тұтқасына, бірліктің діңгегіне, достықтың дәнекеріне айналды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болған емес, болмайды да. Барша азаматтарға бірдей мүмкіндік берілген. Бұл нағыз әділдік, әділетті мемлекеттің ажырамас бөлігі. Тағы да айтарым: елдің бірлігі мен татулығы ең негізгі құндылықтарымыздың қатарында тұр. Бұл мемлекеттік саясаттың басты тұғыры. Болашақта да солай болмақ. Осы стратегияның арқасында түрлі этнос өкілдері бір шаңырақтың астында бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр.

Иә, өзара сенімге негізделген түсіністік пен төзімділік тәуелсіздікпен біртұтас ұғымға айналғалы да 30 жыл болды. Тағдыр табыстырған, тарих тоғыстырған түрлі этнос өкілдері азаттықтың арайлы таңында ортақ Отанымыздың іргесін бірге қалады. Ынтымақты ырысқа, әралуандықты байлыққа балаған біз бірліктің қазақстандық бірегей үлгісін қалыптастырдық. Міне, осы діңгегі берік дүниенің жапырақ жаюуына БАҚ өкілдері, яғни сіз бен біздің әріптестерімізде әжептәуір үлесін қосып келеді.