Түркістанда түркі елдері сайлау органдарының ынтымақтастығын нығайтатын құжатқа қол қойылды

Түркістанда түркі мемлекеттері орталық сайлау органдарының Консультативтік платформасы туралы ережеге қол қойылды, деп хабарлайды 24kz.

Бұл құжат ұйымға мүше елдердің өзара түсіністігін нығайтуға сеп болмақ. Яғни, сайлау мен референдумдар кезінде халықаралық байқау миссияларын ұйымдастыру арқылы көпжақты ынтымақтастық пен үйлестіруді дамытуға мүмкіндік береді. Түркістандағы алқалы жиын халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен түйінделеді. Тараптар сайлау науқанын ұйымдастыру тәжірибесін бөлісіп, жаңа технологияларды қолдану мәселелерін талқылайды.

Еске сала кетсек, Түркі мемлекеттері орталық сайлау органдарының консультативтік кеңесі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған.

Ермек Әбдірасылов, Орталық сайлау комиссиясы жанындағы сарапшылық кеңестің мүшесі:

- Ол – түркі мемлекеттерінің сайлау жүйесін ары қарайда арттыру, сайлау мәселесі бойынша туындайтын проблемаларды бірлесіп шешу, жаңа технологияларды пайдалану, жасанды интеллект дейміз, цифрландыру дейміз, ол түркі мемлекеттерінің ары қарай да дамуына үлкен әсер етеді деп ойлаймыз.