Түркі мемлекеттерінің орталық сайлау органдары арасында жаңа ереже бекітілді
Бүгін Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің орталық сайлау органдарының басшылары бас қосты. Жиын барысында Консультативтік платформа туралы ережеге қол қойылды. Бұл құжат сайлау процесін ұйымдастырушы органдар арасында тұрақты әріптестік орнатып, өзара тәжірибе алмасуға жол ашады.
Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің орталық сайлау органдарының Консультативтік платформасы туралы ережеге қол қою рәсіміне Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Мажарстанның орталық сайлау органдарының басшылары қатысты. Олар түркі мемлекеттері үшін маңызды құжатты бірауыздан қолдап, қол қойды.
Тынчтык Шайназаров, Қырғыз Республикасы орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Бұл Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асты. Біз бұны қолдаймыз. Бұл бір табиғи үндестік деп атап өткім келеді. Өйткені түркі мемлекеттері арасындағы интеграциялық байланысты қарайтын болсақ, ол кең ауқымды, жан-жақты, барлық салада жүріп жатыр. Сондықтан бүгінгі құжат түркі елдері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыта түседі деп сенімді айта аламын.
Мазаир Панахов, Әзербайжан Республикасы орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Бұл құжат түркі мемлекеттерін бұрынғыдан да біртұтас болуы үшін жағдай жасайды. Жаһандану әлеміне тән стартегиялық одақ мәртебесінен де жоғары бір отбасы қағидасы бойынша түркі елдерін бір орталыққа ұйыстырады. Біздің ұлттық мүдделерді ескере отырып, халықтардың арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамуына жол ашады.
Сондай-ақ жиынға қатысушылар бұл құжат сайлау және референдумдар кезінде халықаралық байқау миссияларын ұйымдастыру арқылы көпжақты ынтымақтастық пен үйлестіруді дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жиынның Түркістанда өтуінің өзіндік мәні бар екенін айтты.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Жаңа тәжірибе, жаңа білім, жаңа тәсіл. Сайлау жүйесін ары қарай дамытуға. Сайлау кезіндегі қолданатын әртүрлі заманауи технологиялар, себебі қазіргі кезде электрондық дауыс беру туралы көп айтылады. Ол біреумізде бар, біреуіміз енді зерттеп жатырмыз. Сондықтан барлық әріптестерімді құттықтаймын және киелі Түркістан топырағында болып жатқанының да символикалық мәні бар.
Сондай-ақ маңызды шараға түркі мемлекттері ұйымынан бөлек, Сайлау органдарының дүниежүзілік қауымдастығы, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы, Түркі академиясының басшылары да қатысты.
Ин-Шик Чжанг, Сайлау органдарының дүниежүзілік қауымдастығының бас хатшысы:
- Біздің ұйымда 121 сайлау органдары жұмыс істейді. Бүгінгі өткен жиын – барлық түркі мемлекеті үшін өте үлкен мүмкіндік. Құжат өз жемісін береді және осы ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты арттыруға ықпалын тигізеді деп сенемін.
Бұдан бөлек, шара аясында еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, «Түркі әлемі: сайлау жүйелерінің дәстүрі, тәжірибесі және даму болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Онда тараптар сайлау науқанын ұйымдастыру тәжірибесін бөлісіп, сайлаудың ашықтығы мен инклюзивтілігі және жаңа технологияларды дамыту, ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов