Будапешттегі Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде не талқыланады?

t.me/aqorda_resmi

Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін алғаш рет бақылаушы мемлекет қабылдайды. Мажарстан астанасындағы ордалы отырыс «Шығыс пен Батыстың тоғысқан нүктесі» тақырыбы аясында өтпек. Жиында бірлестікке мүше елдердің басшылары түгел бас қосып, серіктестік жайын талқылайды. Сондай-ақ бірақтар маңызды шешімдер мен бастамаларды мақұлдайды деп күтіліп отыр. Будапешттегі басқосуда қандай бағыттар қаралады?

Түркі мемлекеттері ұйымы. Тарихы тамырлас, ағайыны бауырлас халықтардың басын қосқан бірлестік. Тегі мен түбірі тереңнен түйісетін түркі жұрты серіктестіктің жаңа кезеңіне қадам басуға дайын. Себебі экономикалық интеграция жылдам дамып келеді. Қазір бұл нарықта 160 млннан аса адам бар. Былтыр өзара сауда айналымы 45 млрд доллардан асты.

Сарапшылардың пайымынша, бұл жолы да осы бағытқа баса назар аударылады. Ресми мәлімдемеде президенттер ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылайтыны жазылған. Оған қоса өңірлік және жаһандық өзекті мәселелер бойынша пікір алмасады.

Нұржанат Әметбек, Maqsut Narikbayev University қауымдастырылған профессоры:

- Орта Азия өлкесінде қауіпсіздікті талқылайды және экономикалық интеграция талқылануы мүмкін және түрік елдерінің арасындағы қарым-қатынасты одан әрі күшейту, кеденді дамыту, визаны оңайластыру, интеграция қадамдарын одан әрі жалғастыруды талқылау мүмкін деп ойлаймын. Бұл жерде Транскаспий өте маңызды рөл атқарады.

Бейресми саммит хаттаманың төңірегінде шектелмей, түркі әлемі үшін маңызды мәселелерді ашық талқылауға мүмкіндік береді. Қазір жаһандық геосаясат жиі басқосуды талап етіп отыр. Сәт сайын құбылған әлемде әрбір өзгеріске дайын болу керек. «Ал оған осындай бейресми басқосулардың арқасында қол жеткіземіз», – дейді сарапшылар. Мұндай жиындарда тараптар өз мүддесін анықтап, ұстанымдарын айқындайды. Ал ұйымға белсенді мүшелік ететін Қазақстанның мүддесі қандай?

Дәурен Әбен, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы:

- Біздің мүддеміз – осы мемлекеттер арасындағы қандай да бір кедергілерді алып тастау. Кедендік кедергілер, басқа да әкімшілік кедергілерді алып тастап, осы мемлекеттер арасында сауданы дамыту, бірігіп инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру. Транспорттық жүйеден басқа біздің қызығушылығымызды тудырып отырған сала, әрине, ауыл шаруашылығы. Одан басқа туризм саласын дамытуға болады.

Саммит қорытындысы бойынша Будапешт декларациясы қабылданады деп күтіліп отыр. Бұл құжат түркі мемлекеттерінің ортақ келешекке бағдарын, стратегиялық бағытын айқындайды. Бұдан өзге де бірқатар маңызды шешім мен бастаманы мақұлдау жоспарланып отыр. Демек бейресми жиынның жұмысы қауырт болады.

Авторы: Бекзат Аманов