Президент түркі жұртының татулығы мен тұтастығын бекемдейтін шараларды атады

«Шығыс пен Батыс тоғысқан тұс». Президент қатысқан Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті осылай аталады.

Жиын Будапештте өтіп жатқаны белгілі. Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары деңгейде ұйымдастырылған шара үшін Мажарстанның Премьер-министрі Виктор Орбанға ризашылығын білдірді.

«Сондай-ақ саммит алып құрлықтың ұлан-ғайыр аумағын иеленіп жатқан түркі елдерінің мүддесіне, стратегиялық мақсат-міндетіне сай келеді», - деп баға берді. Ал, қазіргі күрделі геосаяси жағдайда ұйым аясында ұйысудың мәні тіптен артқанын айтты. Президент Түркі жұртының татулығы жолында қабылданған шешімдерге де тоқталды. Түркі мемлекеттері ұйымының жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі тағайындалды. Енді Тұрақты өкілдік ашылады. 11-12 маусым күндері Астанада Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының XIV пленарлық отырысы өтеді. Биыл Ақтау қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде жарияланса, алдағы айдан бастап Алматы «Түркі мемлекеттері ұйымының жастар астанасы» атанады.