Президент ТүркПА-ға мүше елдер парламенттерінің спикерлерімен кездесті
Қазақстан түбі бір түркі халықтарының жан-жақты ынтымақтастығын дамыта беруге мүдделі.
Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясына мүше елдер парламенттерінің спикерлерімен кездесті. Жиында бұл Ұйымды қолдайтынын жеткізіп, тұтас түркі жұртының халықаралық беделі мен ықпалы да артып жатқанын айтты. Еліміз де Парламенттік ассамблея ұсынған тың бастамаларды қолдайды, түркі ықпалдастығына үлес қоса беруге дайын. Президент Қазақстан – Түркі мемлекеттері ұйымының негізін қалаушылардың бірі екенін еске салып, жетістіктерді жіпке тізді. Бауырлас елдер арасында сауда-экономика, энергетика, қаржы және инвестиция саласындағы байланыс арта түскеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Түркі инвестициялық қоры өз қызметін тиімді жүргізіп отыр. Осының бәрі түркі ықпалдастығын бекемдей түсетін маңызды қадамдар. Біз Түркі мемлекеттері ұйымы саммиттерінің қорытындыларын жоғары бағалаймыз. Уағдаластықтарды сапалы жүзеге асыруға ерекше мән береміз. Жақында Мажарстанда өткен мемлекет басшыларының бейресми кездесуі нәтижелі болды. Қазақстан осы игі үрдісті жалғастыра беруге қашанда әзір. Бұл ретте мен келесі басқосуды киелі Түркістанда өткізуді ұсындым.
Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі жылдары Қазақстанда жан-жақты жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға да тоқталды. Заң мен тәртіп қағидатына негізделген Әділетті Қазақстан құру туралы түпкі мақсаты жайлы баяндады. Бұл бағыттағы ілкімді іс әлі де жалғасып жатыр. Айтпақшы мемлекет басшысы алқалы жиынның «ТURKTIME: парламенттік дипломатияның ролі» деген тақырып алғанын толықтай қолдаймын деді. Сонымен қатар бұл кездесу түркі мемлекеттерінің мақсат-мүддесі бір екенін айқын көрсететінін айтып, татулықты сақтау мен нығайту баршаға ортақ міндет деп атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қазақстан бауырлас елдер арасындағы парламентаралық байланысқа, әсіресе халықтық дипломатияға ерекше мән береді. Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы – аса беделді халықаралық ұйым, ынтымақтастығымызды дамытуға мүмкіндік беретін бірегей құрылым деп күмәнсіз айтуға болады. Сіздердің Ұйым аясындағы бірлескен жұмыстарыңыздың мән-маңызы өте зор.