Сенат қазына қаржысының игерілуі туралы құжатты мақұлдады
Халықтың әлеуметтік осал тобындағы 5 мыңға жуық отбасы баспанамен қамтылды, деп хабарлайды 24kz.
Ал мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы педагогтердің жалақысын көтеруге 93 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл шаралар былтыр республикалық бюджет есебінен жүзеге асқан. Бүгін Сенат отырысында Үкімет пен Жоғары аудиторлық палата бюджеттің атқарылуы туралы есеп берді.
Жауаптылар: «Қазына қаржысына қатысты туындаған мәселелерге қарамастан халық алдындағы әлеуметтік міндеттер орындалды», - деді. Оның тағы бір дәлелі – елді мекендерде бой көтерген 450-ден астам медицина ұйымдары. Бұл нысандар «Ауылда денсаулықты сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған. Оған 91 миллиард теңгеден астам ақша бөлінген. Қазына қаржысының игерілуі бойынша есепті тыңдаған сенаторлар құжатты талқылап, нәтижесінде оны мақұлдады.