Отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес – мемлекет үшін басым міндет

Жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың орташа және ауыр түрлерінің саны 30%-ға азайған.

Соңғы 5 жылда әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтар екі есе кеміді. Бұл жайында бүгін құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Президенттің айтуынша, отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы заң күшейтіліп, нақты нәтиже бере бастады. Сонымен қатар есірткімен күрес те күшейіп келеді. Биылдың өзінде 83 зертхана жойылып, айналымнан алынған есірткі көлемі 84%-ға артқан. Тыйым салынған заттты өндіргені үшін берілетін жаза қатайып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған. Алайда бұл салада шешілмеген мәселелер бар. Қасым-Жомарт Тоқаев жастар арасында нашақорлықтың белең алуын «қауіпті үрдіс» деп атады. Бұдан бөлек Президент адал әрі жауапкершілігі жоғары кәсіпкерлерді қолдау маңызды екенін атап өтіп, Бас прокуратураға бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруды міндеттеді. Әрі мемлекет басшысы жемқорлыққа қарсы күресті тиімді жүргізу үшін жаңа тәсілдер қажет екенін тілге тиек етті.    

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жемқорлыққа қарсы күресу үшін нақты, жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Менің тапсырмаммен сот арқылы жемқорлардан алынған қаражат мектептер салуға жұмсалуда. Үш жылдың ішінде 89 мектептің құрылысына 150 миллиард теңгеден астам қаражат берілді. Дегенмен, қазіргі саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайда жемқорлыққа қарсы күресті тиімді жүргізу үшін жаңа тәсілдер қажет. Біз қонақжайлық индустриясының әлеуетін мақсатты түрде нығайтып, туризмді дамытамыз және шетелдік қонақтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән береміз.