М. Әшімбаев Сингапурдағы халықаралық конференцияға қатысты

«Әралуандықтағы бірлік: көпмәдениетті қоғамда дінаралық және этносаралық диалогты дәріптеу». Сенат төрағасы әрі Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Сингапурда өткен Ұйымшыл қоғам жөніндегі халықаралық конференцияға қатысып, осындай баяндама жасады.

Іс-шарада көпмәдениеттілік пен әралуандықтағы үйлесім мәселелері талқыланды. Онда 40-тан астам елден саясаткерлер, дін және қоғам қайраткерлері, сарапшылар мен жастар көшбасшылары жиналды. Сенат төрағасы рухани дипломатияны ілгерілету үшін ортақ күш-жігерді біріктірудің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Сингапур бастамашы болған Ұйымшыл қоғам жөніндегі халықаралық конференцияның көптеген тұсы Қазақстан өткізіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің миссиясымен үндес екенін айтты.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі  хатшылығының басшысы:

- Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан ел ішінде де, халықаралық деңгейде де конфессияаралық келісімді нығайтуға ықпал етіп келеді. Дәл осы мақсатпен 2003 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізуді қолға алдық. Биылғы қыркүйекте Астанада «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбына арналған VIII съез өтеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Сингапур өзіндік өрлеу жолына түскен Қазақстан сияқты елдер үшін үлгі» деп атап өтті. Сингапурдың әлеуметтік ұйымшыл және біртұтас көпмәдениетті қоғам құру жолындағы жетістігі кездейсоқтық емес. Бұл пысықталған дәйекті саясаттың нәтижесі. Съезд бен бүгінгі Ұйымшыл қоғамдар жөніндегі конференцияның мақсаты, міндеті және басымдықтары ортақ. Жаһан алмағайып күйге түскен бүгінгі құбылмалы дәуірде тұрақты даму тек ашық және сындарлы диалог арқылы мүмкін екені анық.

Іс-шарада қатысушылар рухани дипломатияның ішкі және сыртқы диалогты жолға қою, теңгерімді өңірлік саясат жүргізу кезіндегі ұйыстырушы рөліне жоғары баға берді.