Түркиялық компания Қазақстанда 5 логистикалық орталық ашады

Түркиялық компания Қазақстанда 5 бірдей логистикалық орталық ашуды көздеп отыр. Қазір алғашқысының құрылысы Ақтөбе қаласында жүріп жатыр. Өзгелері келешекте Астана, Алматы, Шымкент және Ақтауда салынбақ. Бұл жайында бүгін Президенттің Түркияда жергілікті кәсіпкерлермен кездесуі барысында белгілі болды.

Жалпы, айта кету керек, бауырлас елдің қалталы азаматтары Қазақстанның экономикасына қаржы салуға бұрыннан бейіл. Осы күнге дейін Анадолы жерінен 5,6 миллиард доллардан астам инвестиция тартылған. Түрік кәсіпкерлері қазақ жерінде 80-ге жуық жобаға бастамашыл болды.

Қ. Тоқаев Ататүрік рухына тағзым етті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға жасаған ресми сапарының негізгі күнін «Анытқабір» мавзолейіне барудан бастады. Бұл жерде түрік ұлтының ұлы тұлғасы Мұстафа Ататүрік мәңгілік жай тапқан. Президент қазіргі Түркияның негізін қалаған ұлы қайраткердің рухына тағзым етті.

Іскерлік байланыстың жаңа белесі

Қазақстан мен Түркия арасындағы инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Осы күнге дейін бауырлас елдің қалталы азаматтары ел экономикасына 5,6 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. Тек былтырдың өзінде 600 млн долларға жуық инвестиция тартылған. Бүгінде түрік кәсіпкерлері Қазақстанда жалпы құны 3 миллиард доллардан асатын 80-ге жуық жобаны қаржыландырды. Қазіргі уақытта 4,2 миллиард доллар көлеміндегі 39 жоба жүзеге асып жатыр.

Суат Элибүйүк, сыртқы сауда сарапшысы:

- Қазақстан түркиялық бизнесмендерге, инвесторларға көптеген қолайлы жағдай жасап жатыр. Мысалы, жуырда визасыз 90 күнге дейін жүруге рұқсат берілді. Бұдан бөлек, бірқатар жақсы квота беріліп жатыр. Тағы салық жағынан белгілі бір жеңілдіктер бар. Сол жеңілдіктер арқылы Түркиядағы көптеген бизнесмен келешекте Қазақстанда өз кәсібін өрістетеді деп сенемін.

Шығыс пен Батысты жалғайтын Транскаспий халықаралық көлік дәлізі де – екі елдің стратегиялық серіктестігінің жарқын үлгісі. Бұл бағыт Еуразия құрлығындағы сауда-саттықтың күретамырына айналып, Жібек жолының заманауи нұсқасын жаңғыртып отыр. Бұл ретте айта кету керек, Қазақстан мен Түркия арасында теміржол арқылы жүк тасымалы былтыр 14% өсіп, 4,8 млн тоннадан асты. Ал биыл алғашқы 4 ай ішінде бұл көрсеткіш 53% өсімді көрсетіп, 1,3 млн тоннаға жетті. Бұның барлығы қазақстандық экспорт.

Мехмет Сейфетин Эрол, Анкара дағдарыс және саясат зерттеулері орталығының төрағасы:

- Транскаспий халықаралық дәлізі логистика мен жеткізу тізбегін нығайтып қана қоймайды, сонымен қатар Жібек жолының сауда мен саясат арасындағы көпір ретіндегі тарихи рөлін қалпына келтіреді. Тағы бір маңызды бағыт — энергетика. Қазақстанда мұнай мен газдың бай қоры бар. Оларды Каспий мен Кавказ арқылы Түркияға тасымалдау бұл елдерді аймақтың энергетикалық архитектурасының негізгі ойыншыларына айналдырады.

Қазақтан тоғыз жолдың торабында орналасқан. Еуразия кеңістігіндегі ең маңызды логистикалық хаб. Бұл мүмкіндікті түркиялық кәсіпкерлер де жіті түсініп отыр.

Мәселен, YDA Holding компаниясы Ақтауда мультимодальді транзит хабын құрмақ. Ол жайында бүгін компания басшысы Хусейн Арслан Мемлекет басшысымен кездесу барысында айтты. Жалпы YDA Holding бұдан бөлек Қазақстанның үш қаласында көпбейінді аурухана салу бойынша жобаларды қолға алған.

Хусейн Арслан, «YDA Holding» басқарма төрағасы:

- Бұл авиациялық хаб мультимодальды жүк торабы және әлемдегі бірегей MRO орталығы болады. MRO деп мен әуе кемелерінің кез келген түріне техникалық қызмет көрсетуді және күрделі жөндеуді айтамын. Толық техникалық қызмет көрсету. Инвестиция шамамен 1 миллиард долларды құрайды.

Ал түркиялық S Sistem Lojistik компаниясы Қазақстанда өздерінің алғашқы логистикалық орталықтарын ашуды көздеп отыр. Оның құрылысы қазір Ақтөбе қаласында жүргізіліп жатыр. Компания мұнымен тоқтамақ емес. Бүгін компания басшысы Хусейн Барлин Президентпен кездесу барысында біздің елде іске асыруды көздейтін жобаларын таныстырды. Дәл осындай ілкімді бастамалар алдағы уақытта Шымкент, Астана, Алматы және Ақтау қалаларында іске асуы бек мүмкін.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

- «Самрұқ-Қазынаның» еншілес компаниясы «Қазпошта» Түрік логистикалық S Sistem компаниясымен бірлескен кәсіпорын құрып жатыр. Бұл бірлескен кәсіпорын Ақтөбенің әуежайында логистикалық хабты салып жатыр. Бұл жобаны келесі жылдың аяғына дейін іске қосамыз.

Ал Қазақстанда бірнеше жыл бойы майлы дақылдар трейдингін жүзеге асырып жатқан Tiryaki Holding болса Астана қаласында жаңа зауыт салып жатыр. Ол 2 кешеннен тұрады. Алғашқысында бидай, ал екіншісінде бұршақ өңделеді.

Сүлеймен Тирьякиоғлы, «Tiryaki Holding» компаниясының атқарушы директоры:

- Сіздерде ауыл шаруашылығы жақсы көңіл бөлініп отыр. Фермерлерге субсидия беру, салаға инвестиция салудың арқасында дәнді дақылдар да өте сапалы. Өнімділік артып келеді. Бұл артық өнім Қазақстанда қайта өңделуі тиіс. Сондықтан терең өңдеу бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- 15 қыркүйектен бастап бұл жоба іске қосылады. Зауыт Астана қаласында салынады. Жобаның құны 165 миллиард теңге. Бірінші кезеңі 110 миллиард теңге, екінші кезеңі 50 миллиард теңге. Сондықтан 150 адам осы жұмыс орнына шығады. Бізде бұндай бір-ақ жоба бар. Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданында.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Orzax Group басқарма төрағасы Селман Алимоғлыны қабылдады. Компания Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Тың бастама отандық фармацевтика саласын әртараптандыруға және еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қоспақ. Бұл шешімге Президент қолдау білдірді.

Түбі бір, тілеуі ортақ қос мемлекет — Қазақстан мен Түркияның іскерлік байланысы бүгінгі таңда жаңа белестерге қадам басқан баянды әріптестікке айналды. Екі елдің іскер топтары – тіл табысқан, мүддесі тоғысқан сенімді серіктестер. Ортақ мақсат – тұрақты даму, әділ бәсеке, инновацияға негізделген экономика құру. Бұл жолда түркі дүниесінің қос алғыры – Қазақстан мен Түркияның ұстанымы нық, болашағы бір.

Авторлары: Риат Шони, Асхат Серікұлы, Бақытбек Нұртаев