Елдегі 9 ірі сауда желісі тауарлардың ұлттық каталогын енгізді

Отандық сауда кеңістігінде жаңа агро-маркетплейс іске қосылады.

Бұл бастама жергілікті өндірушілерді, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға серпін бермек. Сондай-ақ B2B платформасы әзірленіп жатыр. Ол жергілікті кәсіп иелерінің жаһандық жеткізушілермен алыс-беріс орнатуына жағдай жасайды. Жалпы бұл цифрлық жүйелер өндірушілер, сауда желілері мен мемлекеттік органдар арасында тікелей байланыс орнатып, басы артық делдалдардан құтқарады. Бүгін Үкімет отырысында сауда саласын цифрландырудың жай-жапсары талқыланды. Құзырлы министрлік басшысы тауарлардың ұлттық каталогы құрылатынын жеткізді. Айтуынша, бірыңғай классификатор сапа мен бағаны бақылауға жәрдемдеседі.

Тауарлардың ұлттық каталогы әзірленіп жатыр. Таяу арада іске қосылады. Оның мәні – өнім өндірілген күнінен бастап, саудаға шығарылып,тұтынушыға жеткенге дейін есепке алынып, бақыланады. Сонда сапа болады, ашықтық орнайды. Бұл – сауда саласын цифрлық трансформациялаудың маңызды қадамы. Әзірге тауарлардың шектеулі  санаты ғана цифрландырылған. Елдегі 9 ірі сауда желісі Ұлттық тауарлар каталогын енгізе бастады.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Тауарларды цифрлық таңбалау жобасы  ішкі нарықты  контрафактілік және сапасыз өнімдерден қорғауға,  отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Меніңше, сауда министрлігі тарапынан  таңбалаудың маңыздылығы мен  оң әсері туралы  кәсіпкерлерге тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілмеді. Сондықтан ақпараттық-түсіндіру науқанын күшейтіп,  таңбалауға жататын тауарлар тізбесін кеңейтуді  жалғастыру керек.

Тағы бір бастама - инновациялық агромаркетплейс әзірленіп жатыр. Ол әсіресе ауылдық жерлерде сауда-саттықты ілгерілетуге көмектеседі. Премьер-министр жыл соңына дейін  агромаркетплейстің жұмыс істеу тетіктерін әзірлеуді тапсырды.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Бұл жүйе өндірушілер, сауда желілері және мемлекеттік органдар арасында тікелей цифрлық байланыс орнатып, делдалдарды және ашық емес өткізу схемаларын жояды. Үшінші жоба – B2B маркетплейс. Жаңа форматтағы отандық B2B платформасын іске қосу пысықталуда. Ол көтерме импортты реттеуге шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған. Осыған орай Отандық электрондық платформаны әзірлеп оған шетелдік электрондық платформалармен интеграциялау жоспарда бар.

Сауда саласын цифрландыру бүгін ғана басталған шаруа емес. Бұған дейін құзырлы министрлік «электрондық сертификат» жүйесін қолданысқа енгізді. Сөйтіп ұзақ уақыт түрлі тауарға жалған сертификат іліп келгендердің жолы кесілді. Мәселен, екі жыл бұрын 1 млн сертификат рәсімделіп, тіпті олардың көбінің шынайылығын бақылау мүмкін болмай соңғы жылы қолға алынған цифрландырудың арқасында 20 млрд теңгеге жуық қаражат көлеңкелі экономикадан алынған.

Дмитрий Мун, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:

- Astana Hub экожүйесінде сауда секторының стартаптары белсенді дамып келеді. Компаниялар онлайн және офлайн сатылымдарды автоматтандыруға, тауарлық-материалдық құндылықтарды басқаруға, нарықтың мінез-құлқын талдауға, сондай-ақ логистикаға арналған қызметтерге арналған шешімдерді әзірлеуде. 2024 жылдың аяғында бұл саладағы компаниялар 65 млрд теңгеден астам табыс көрсетіп, 3 мыңнан астам жұмыс орнын ашты.

Сарапшылар жаһандық онлайн сауданың көлемі 2030 жылға қарай 75 трлн долларға жететінін болжап отыр. Соған орай біздің министрліктер сауда секторын дамытып, цифрландырудың сараланған шараларын кезең-кезеңмен жүзеге асыруға кіріскен.