Президент Jastar Fest форумына қатысушыларды құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық жастар күніне арналған Jastar Fest форумына қатысушыларға құттықтау жолдады.

Президент жастарды мерекемен құттықтап, олардың ел дамуына қосып жүрген үлесін атап өтті. Волонтерлік, экология, спорт, білім, өнеркәсіп және басқа да салалардағы жетістіктер үшін ризашылығын білдірді. Биыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтары жылы. Осы ретте Президент еңбекқорлық, білімге құштарлық, жауапкершілік пен жанашырлық – нағыз асыл қасиеттер екенін айтты. Еңбек дамудың негізі екенін еске салды. Бүгінде Мемлекет жастарға білім алу, жұмысқа орналасу, баспана алу және кәсіпкерлікті дамыту үшін кең мүмкіндіктер жасап отыр. 600 мыңнан аса жас осы бағдарламалардың игілігін көруде. Президент жастарды өзгерістердің алдыңғы қатарында болып, білімін жетілдіруге және Отанға адал қызмет етуге шақырды. Тағы Мемлекет басшысы Хакім Абай «Өзіңе сен, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп бекер айтпағандығын еске салып, еліміздің жарқын болашағы – өскелең ұрпақтың қолында екенін айтты.