Президент Үкіметке инвестиция саясатын қайта қарауды тапсырды

Depositphotos.com

Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымсыз. Президент елге қаржы тарту жұмыстарын қатаң сынға алды. Оның айтуынша, қазір шикізат салаларына көп қаржы құйылып жатыр.

Бірақ бүгінде міндет басқа - өңдеу саласына көбірек қаражат тарту керек. Мемлекет басшысы Үкіметке инвестиция саясатын қайта қарап, қысқа мерзімде жаңа жоспар әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, инвесторларға салық жеңілдіктерін мұқият ойластырып, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруді атап өтті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Еліміздегі инвесторлармен қарым-қатынас жүйесі күрделі әрі бытыраңқы. Қағазбастылық көп, түрлі органдардың құзыреттері қайталанады. Ал, қазіргі күрделі ахуал кезінде инвестиция тарту – кезек күттірмейтін мәселе, бізге жаңа ұстаным керек. Қалай болса да, инвестиция тарту бойынша барлық үйлестіру жұмысы тікелей Премьер-министрге жүктеледі. Жаңа министрлік құрудың қажеті жоқ. Бірақ, көзге оттай басылатын нәрсе: елімізде бірде-бір мекеменің атауында инвестиция деген сөз жоқ. Инвестиция тіпті, жетім бала сияқты үш-төрт мекемеге ортақ мәселе болып, өз жолын таппай жүр. Сондықтан Премьер-Министр он күн ішінде нақты ұсыныс беруге тиіс. Бұдан бөлек, Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын мейлінше қысқа мерзім ішінде әзірлеуді тапсырамын.

Инвесторлардың құқығын қорғау комитеті құрылады

Президент Бас прокуратураның Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетінің атауын "Инвесторлардың құқығын қорғау комитеті" деп өзгертуді тапсырды. Мемлекет басшысы Бас прокуратура бұл бағытта жақсы жұмыс істегенін және қазынаға 850 млрд теңге қайтарылғанын да атап өтті. Бұл қаражатқа 10 мектеп, 4 спорт кешені, 235 денсаулық сақтау мекемесі салынып, модернизацияланды. Сондай-ақ 177 су ининфрақұрылымы нысанына да қайтарылған активтерден жұмсалды.