Ауыл шаруашылығын дамыту бағытында жаңа міндеттер жүктелді
Биыл шаруаларды қолдауға бір триллион теңге бөлінді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығында үздік агрокәсіпорындардың тәжірибесін таратудың маңыздылығына тоқталды. Мемлекет басшысы Үкімет пен құзырлы министрліктерге агросалаға инновация мен ғылымды кеңінен енгізуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Оған отандық және шетелдік инвесторлар қатысуда. Инвестицияның жалпы көлемі 2 миллиард доллардан асады. Үш мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Өнімдер әлемнің көптеген еліне тасымалданады. Мұндай жобалардың ауқымын кеңейту қажет. Әр аймақта дайын өнімді өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізетін әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай біртұтас желі қалыптасуы керек.