Әлемдегі ең ірі бір палаталы Парламент Қытайда
Парламент бір палаталы заң шығарушы орган болғанымен, құрылымы әртүрлі болуы мүмкін.
Бұған әлемдегі Қытай, Израиль және Сингапур тәжірибесі дәлел. Бірі тұрақтылыққа, енді бірі демократиялық бәсекеге сүйенеді. Әрқайсысы өз жолымен тиімді.
Әлемдегі ең ірі бір палаталы Парламент Қытайда. Оны Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы деп атайды. 3 мың депутаттан тұратын заң шығарушы органды 1949 жылдан бері Коммунистік партия басқарып келеді. Сарапшылар: «Бұл билікке шұғыл шешім қабылдауға және елдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етті», - дейді. Қытайда депутаттыққа провинциялардан, автономиялық округтерден, мемлекеттік маңызы бар қалалардан және қарулы күштерден үміткерлер сайланады.
Кнессетке өту үшін 3% дауыс жинау жеткілікті
Израильдің бір палаталы парламенті, әрі жоғарғы билік органы - Кнессет. 120 мандаттан тұратын заң шығару органына депутаттар 4 жыл сайын сайланады. Елде бір ғана жалпыұлттық сайлау округі бар. Парламентке өту үшін 3 пайыз дауыс жинау жеткілікті. Яғни, мұнда ешбір партия жеке билікке қол жеткізе алмайды. Сарапшылар: «Қоғам даму үшін ой алуандығы қажет. Осы арқылы еврей Парламентінде пікір алуандығы сақталған», - дейді. Израиль тарихында бірде-бір партия 50 пайыз орынға ие болған емес. Сондықтан үкімет әдетте коалиция немесе ел Президентінің шешімімен жасақталады.
Оппозиция Парламентке кедергісіз өтеді
Оңтүстік-Шығыс Азиядағы қарқынды дамыған мемлекеттің бірі Сингапурда да бір палаталы Парламент жұмыс істейді. Мұнда оппозиция өкілдері жеткілікті дауыс жинай алмаса да, заң шығарушы органға өтуге мүмкіндігі бар. Яғни елдегі саяси тепе-теңдік арнайы жасалған жүйе арқылы сақталады. Жергілікті жүйенің тағы бір ерекшелігі - депутаттардың жартысы топтық сайлау округтері бойынша сайланады. Яғни бұл тізімге шағын этникалық топтардың өкілдері міндетті түрде енеді. Жалпы Сингапур бір палаталы Парламент жүйесіне 1965 жылы көшкен. Сарапшылар: «Бұл заң қабылдау шараларын жеңілдетіп, үкіметке шұғыл шешім қабылдауға ықпал етті», - дейді.
Авторы: Зайнұр Байжігіт