Президент: Заман күрделі болса да, біздің бағытымыз дұрыс

«Экономикалық өсім ғылымға тікелей байланысты». Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес отырысында сөйлеген Мемлекет басшысы осылай деді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз қиындықтың бәрін еңсеріп, үздіксіз дамып келетінін атап өтті. Бес жылда Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 181 миллиардтан 291 миллиард долларға көбейді. Биылғы 8 айдың өзінде экономикамыз 6,5% өсті. «Біздің басты міндетіміз – халықтың әл-ауқатын ұдайы арттыру және еліміздің бәсекеге қабілеттілігін күшейту. Сол себепті біз қиын да күрделі өзгерістер арқылы реформалар жүргіземіз. Бұл оңай жол емес. Елімізді басқаша өркендете алмаймыз», - деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Еліміздің халықаралық резерві мен Ұлттық қордың активі 116 миллиард доллардан асты. Соның ішінде халықаралық резервіміз рекордтық деңгейге жетіп, 54,6 миллиард доллар болды. Мұның бәрін басқа мемлекеттер, беделді ұйымдар көріп отыр, мойындап жатыр. Мысалы, Standard and Poor’s агенттігі бұған дейін еліміздің дамуын «тұрақты» деп болжап келді. Енді жағымды деген болжам жасауда. «Сырт көз – сыншы». Әлем қауымдастығының Қазақстанға деген сенімі біздің дұрыс жолмен келе жатқанымызды көрсетеді. Бәріміздің мақсат-мүддемізбір. Бұл – Әділетті, Қуатты, Таза әрі Қауіпсіз Қазақстанды құру. Бұл іске ғалымдар қауымы мол үлес қосады деп сенемін.