Қазақстан мен Араб әмірліктері арасындағы инвестиция артты

Қазақстан мен Араб әмірліктері арасындағы инвестициялық ынтымақтастық нығайып келеді. Екіжақты байланыстың бекуіне мемлекеттік қана емес жеке бизнес тарапынан жасалған келісімдер де оң әсер етіп жатыр. 

Осыны ескерген араб кәсіпкерлерінің қазақ жеріндегі агроөнеркәсіп пен энергетика салаларына қызығушылығы артты. Бұл жайында Дубайда өткен еуразиялық бизнес форумда айтылды. Жиынға 20-ға тарта мемлекеттің кәсіпкерлік қауымдастық өкілдері қатысып, серіктестікті серпінді ету жолдарын талқылады.

Дубайдың танымал бизнес форумына шығанаққа қыруар қаржы құйып, пайдасын еселеп жүрген іскер топ өкілдері жиналды. Олардың инвестициялық капиталы жергілікті нарық әлеуетін арттыруға тікелей ықпал етті. Енді пайданы одан әрі еселеу жолдарын қарастырып жатыр. Бұл бір есептен «Еуразия-Балқан» қауымдастығына мүше елдермен де өзара тиімді әріптестікті нығайтуға сеп.

Әлібек Алмабеков, БАӘ-дегі Қазақстан бизнес қауымдастығының басшысы:

- Еуразия-Балқан форумы барысында Қазақстанның экономикалық жағдайы және инвестициялық мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді. Соның ішінде елімізде инвесторларға ашылып жатқан мүмкіндіктер, Астана халықаралық қаржы орталығында компанияны ашып, жан-жақты салаларда жұмыс атқаруға болатынын хабарладым.

Қазақстандық тарап қатысушылар назарын Астана халықаралық қаржы орталығының мүмкіндігі мен өңірдегі стратегиялық жобаларға аударды. Әмірлікпен арадағы инвестициялық байланыстың беки түскені атап өтілді. Қазақ дипломатиялық миссиясының жетекшісі елдің экономикалық тұрғыда басым бағыттарына тоқталды. Стратегиялық маңызды секторларға инвестиция тарту және кәсіпкерлер құқығын қорғау турасында ой өрбітті.

Хассан әл-Шахси, бизнес кеңесші:

- Араб әмірліктері мен Қазақстан арасында инвестициялық ірі бастамалар қолға алынды. Үкімет тарапынан ғана емес, жеке бизнес те бұл іске көп күш жұмылдырды. Әсіресе, агроөнеркәсіп пен энергетика, логистика салаларына біршама қаржы салынды. Бұл үрдіс алдағы жылдары да жалғасып, көрсеткіш ұлғая береді деген үміт мол.

Жалпы араб әмірліктерінің Қазақстан нарығына салған қаржы капиталы биыл 4,3 млрд долларға жетті. Басым бөлігі кейінгі жылдардағы ірі жобаларға тиесілі. Таяуда Астанада мемлекет басшылары деңгейінде өткен келіссөзде тағы 22 келісім жасалды. Құны 5 млрд долларға тең.

Айта кетейік, форумға 500-ге жуық дубайлық бизнес өкілін топтастырған «Eurasian gulf» ұйымы ұйытқы болды. Ол әмірліктегі кәсіпкерлік ортаға тікелей ықпал етіп отырған бірлестік. Экономикалық талдаулар жүргізіп, сарапшылық тұжырымдар жасайды. Сосын ел үкіметі және жеке бизнес соған сүйеніп, инвестициялық шешімдер қабылдайды. Демек бұл іскерлік ортада көтерілген бастамалар елеусіз қалмай, нақты нәтиже беруі тиіс.

Авторы: Рауан Мыңбай