Қоғамдық палатаның жұмысы күшейеді

Қоғамдық палата Президент реформаларын талқылайтын маңызды алаңға айналады. Қазір елдегі басты ұлттық басымдықтың бірі – цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізу.

Қоғамдық палата мүшелерімен өткен кездесуде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов осылай деді. Алдағы уақытта цифрлық саладағы барлық реттеу тетіктері бір құжатта қамтылады. Қоғамдық палатаның алғашқы отырысының бірі дәл осы мәселеге арналады. Бір палаталы Парламентке көшу бастамасы да маңызды міндет ретінде қойылып отыр. Сонымен қатар жұртшылық, мәслихаттар, өңірлердегі Қоғамдық кеңес мүшелері және сарапшылардың қатысуымен қоғамдық тыңдалымдар өтеді. Ерлан Қошанов кейбір заңдағы жұмыс істемейтін нормаларды талдауды тапсырды. Заңнаманың әлсіз тұстарын анықтап, дер кезінде жою қажет.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Қазір бір палаталы Парламентке қатысты қызу талқылаулар жүріп жатыр. Бұл үлкен пікірталастың басы ғана. Мемлекет басшысы алдағы Парламенттік реформаны жан-жақты талқылауды тапсырғанын білесіздер. Қоғамдық палата аясында ресми пікірталасты бастауды ұсынамын. Бұл процестің ашық әрі айқын болуын қамтамасыз етеді. Қоғамдық палата жалпыұлттық пікірталасқа ұйтқы болып, осы бастаманы қолдауға тиіс.