Е.Қарин ЮНЕСКО-ның Бас конференциясында Президенттің бастамалары туралы айтты
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі – Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының төрағасы Ерлан Қарин Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласында өтіп жатқан Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Бас конференциясының 43-ші сессиясына қатысып, сөз сөйледі.
Мемлекеттік кеңесші өз баяндамасында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясында сенімге, ашықтыққа, жауапкершілік пен әділдікке негізделген жаңа жаһандық консенсусты қалыптастыруға шақырғанын атап өтті. Сондай-ақ ЮНЕСКО-ның маңызы арта түскенін алға тартты. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған Қазақстанды одан әрі жаңғыртудың жаңа қадамдары Ерлан Қарин баяндамасының негізгі өзегі болды. Бұл ең алдымен экономиканың түрлі салаларына жасанды интеллектіні жаппай енгізу және цифрландыруды кең көлемде дамытуды қамтиды.
Қазақстан болашақта технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекет атануды көздейді. Қазақстан цифрландыру мен жасанды интеллект құралдарын жеделдетіп енгізуде кешенді әрі жүйелі шешімдер қабылдаған әлемдегі алғашқы елдердің бірі болып отыр. «Қазақстан Президенті цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізуді жаңа ұлттық идея ретінде айқындап берді», - деді ол. Мемлекеттік кеңесші 43-ші сессиясы аясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёевамен өткен кездесуде тараптар екі ел арасындағы, соның ішінде ЮНЕСКО аясындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл әлеуетін талқылады. Ерлан Қарин ЮНЕСКО-ның жуырда өкілеттігі тоқтайтын Бас директоры Одрэ Азулемен өткен кездесуде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға әрі білім, ғылым және мәдениет салаларында Қазақстанмен әріптестікті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Одрэ Азулеге ІІ дәрежелі «Достық» орденін тапсырды.