Сарапшы: екіжақты серіктестік нығаяды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге мемлекеттік сапары екі ел арасындағы стратегиялық байланысты айқындай түседі. Ресей ғылым академиясының Орталық Азия бойынша сарапшысы Станислав Притчин осылай дейді. Күн тәртібінде ауқымды мәселелер қарастырылады. Оның ішінде экономика, энергетика және халықаралық ұйымдардың өзара ынтымақтастығы бар.
Станислав Притчин, тарих ғылымдарының кандидаты, РҒА Орталық Азия бойынша сарапшысы:
- Біздің жоғары деңгейдегі өзара іс-қимылымыз - ынтымақтастықтың маңызды институттары мен форматтарының бірі. Ресей мен Қазақстан арасындағы стратегиялық байланыстарр, оның ішінде осындай жоғары сапарлар мұны тағы бір дәлелдейді. Екі ел кешенді әріптестік орнатқан. Күн тәртібінде тараптар экономика, энергетика, шекара маңындағы серіктестік, Еуразиялық экономикалық қауымдастық, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, ОПЕК+ шеңберіндегі мәселелерді талқылайды.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамыту келіссөздегі негізгі тақырыптардың бірі болатынын атап өтті. Бұл магистраль Еуропаны Ресей, Қазақстан, Әзербайжан, Түрікменстан жерлері арқылы Иран және Парсы шығанағымен жалғап жатыр. Өткен жылдың қорытындыларына жүгінсек, былтыр республикамыз арқылы өткен жүк ағыны 2,5 млн тоннаға жуықтады. 2027 жылға қарай бұл бағыттың өткізу қабілетін екі есе арттыру көзделіп отыр. «Алайда жобаның дамуына сыртқы факторлар әсер етеді», - дейді сарапшы.
Станислав Притчин, тарих ғылымдарының кандидаты, РҒА Орталық Азия Бойынша Сарапшысы:
- Егер «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі тек Ресей мен Қазақстанға ғана тәуелді болса, ол әлдеқашан толыққанды жұмыс істер еді. Мұндағы мәселе инфрақұрылымды дамыта алмауымызда емес Иран аумағындағы қиындықтарға тіреліп отыр. Онда теміржол арқылы өтетін жол бар, бірақ ол тар және Қазақстан мен Ресейден тасымалданатын жүк көлемі үшін жеткіліксіз.