Ресей елімізге тағы бірнеше Амур жолбарысын жеткізеді

akorda.kz

Келесі жылы Ресей елімізге тағы бірнеше Амур жолбарысын жеткізеді. Президенттің мемлекеттік сапары аясында осындай келісім жасалды. Құжатқа сәйкес тараптар жануарды жеткізуге бірге дайындалып, оның бейімделуіне күш салады.

Одан бөлек, Ақтау қаласында Ресейдің Бас консульдығы құрылады. Мектеп ашуға да қатысты келісім бар. Екі елде де қазақ-орыс білім беру ұйымдарын ашылуы мүмкін. Яғни қос тараптың білім беру стандарттары ескеріледі. Осы ретте елімізде Ресейдің медициналық жоғары оқу орнының өкілдігін ашу мәселесі пысықталып жатыр. Алматыда демеушілердің қолдауымен танымал «Сириус» мектебінің филиалы ашылады. Ал тауар айналымы 28 миллиард доллардан асқаны баршаға аян. Енді екі елдің билігі бұл көрсеткішті 30 миллиард долларға дейін жеткізуге уағдаласып отыр. Бұл межеге жетуге барлық мүмкіндік бар. 175 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – атом электр станциясы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Менің ойымша, бұл қол жеткізуге болатын көрсеткіш. Таяу келешекте мақсатымызға орындалады деп ойлаймын. Ресей Федерациясымен атом энергиясы саласындағы ынтымақтастыққа айрықша тоқталғым келеді. Көп ұзамай, «Росатоммен» станция құрылысын бастауға мүмкіндік беретін өте маңызды келісімдерге қол қоямыз. Бұл серпінді жоба. Өйткені атом электр станциясы ғана салынбайды, мүлдем жаңа сала пайда болады.

Тағы бір жаңалық, қос мемлекеттің байланысын стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойылды. Тараптар мұнай, көмір, электр энергиясын өндіру және тасымалдау бағыттарындағы серіктестікті нығайтуға келісті. Қазақстанның Ресеймен шекаралас өңірлерін көгілдір отынмен қамту мәселесі талқыланды. «Солтүстік – Оңтүстік», Транскаспий халықаралық көлік бағдары, «Аягөз – Бақты», «Достық – Мойынты» сынды жобалардың мүмкіндігін кезең-кезеңімен кеңейтуге келісті. Тараптар «Трансалтай диалогы» перспективті бастамасын одан әрі ілгерілетуге ниетті екенін растады.