Ақтауда ТҮРКСОЙ ұйымына мүше мемлекеттердің мәдениет министрлері бас қосты
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен алқалы жиынға түркітілдес алты елдің делагациясы қатысты. Басқосуда мәдени ынтамақтастықты дамытудағы бағыттар айқындалды.
Сонымен қатар Габалада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының ХІІ саммитінде Мемлекет басшылары жүктеген тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды. Бұдан бөлек, 2026 жылы ТҮРКСОЙ ұйымының қызметін жаңғырту жөніндегі жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Жиынға қатысушылар «Түркі әлемінің мәдени астанасы» деген мәртебе алған Ақтаудың түркі елдері арасындағы мәдени қарым-қатынасты дамытудағы рөлі туралы айтты. Бір жыл ішінде облыс орталығында ондаған ірі іс-шара өткізіліп, заманауи әрі ауқымды жобалар таныстырылған.
Сұлтан Раев, ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы:
- Біз мәдениетке қатысты мәселелерді талқылап, басымдықтарды айқындадық. Биыл Габалада өткен Мемлекет басшылары саммитінде декларация қабылданып, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының қызметін күшейту әрі кеңейту міндеті қойылды.
Сердар Шам, Түркия республикасының мәдениет және туризм вице-министрі:
- Мәдени астана мәртебесін иеленген Ақтауда Түркі халықтары мәдени тұрғыда бір кеңістікке тоғысып, бауырластықты нығайтты. Бұл өңірдің туристік әлеуетін арттыруға серпін берді. Алдағы уақытта да өркендей беруіне тілектеспіз.
Жиын соңында Аида Балаева ТҮРКСОЙ ұйымының уақытша үйлестіруші өкілеттілігін Өзбекстанның мәдениет министрі Озодбек Назарбековке тапсырды. Бұл - Андижан қаласына 2026 жылы «түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесінің берілуіне байланысты қабылданған шешім. Басқосу аясында ТҮРКСОЙ-ға мүше елдер бірлескен декларацияға қол қойды.