Ауыл әкіміне қойылатын талаптар күшейді

Мемлекеттік қызметшілердің қолданыстағы саяси және әкімшілік санатына енді сайланбалы мемлекеттік қызметшілер қосылады. Бұған сәйкес, әкімдер өз өкілеттігі кезеңінде сайлауалды бағдарламаларында көрсетілген мақсат-міндеттердің орындалуы бойынша тікелей халық алдында жауап береді. 

Ауыл әкімдерінің кәсіби даярлығын күшейту туралы президент тапсырмасын орындау мақсатында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Мемлекеттік басқару академиясы және «Amanat» партиясымен бірлесіп кешенді қайта даярлау бағдарламасын әзірледі. Жоба ауылды басқарудың жаңа мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. 

Агенттік дерегінше, осы уақытқа дейін 1800-ден астам ауыл әкімі оқытудан өткен. Ал елді мекендерде кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін екі жылдан бері оқуды жоғары көрсеткішпен аяқтаған түлектер мемлекеттік қызметке конкурссыз негізде орналасуда. Бұған 700-ден астам жас маманның жергілікті деңгейдегі лауазымдарға еш кедергісіз қабылдануы дәлел.

Дархан Жазықбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:

- Үкіметпен бірге бірлесе отырып, 40-тан аса ауыл әкімдерінің функционалды бағыттары қарастырылған болатын. Сол функционалдық міндеттерін қазір талдай отырып жергілікті атқарушы органдардың облыс әкімдерімен және де үкіметпен бірлесе отырып, осы мәселелерді тағы да пысықтаймыз. Яғни біздің алға қойған мақсатымыз - ауыл әкімдерінің кәсіби біліктілігін арттыру.