Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті
Астанада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті.
Жиында болашақ бір палаталы Парламентті қалыптастыруға қатысты мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, жұмыс тобы мүшелерінің ұсыныстары, сондай-ақ азаматтардың е-Өтініш және E-gov платформалары арқылы келіп түскен бастамалары қаралды. Отырыста жаңа Парламент депутаттарына қойылатын біліктілік талаптары, оларды сайлау тәртібі, саны мен сапалық құрамы, өкілеттілік мерзімі және квотаға қатысты тәсілдер сараланды.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
- 15 қарашаға дейін белгіленген мерзім ішінде жұмыс тобының мүшелері және 6 партия атынан парламенттік реформа мәселесі бойынша арнайы ұсыныстар келіп түсті. Келіп түскен ұсыныстарды үш категорияға бөлдік. Саяси партиялардың ұсыныстарын бөлек жұмыс тобы мен Е-өтініш, eGov порталдары арқылы түскен ұсыныстарды бөлек жинақтадық. Мемлекет басшысы жұмыс тобы аясында жинақталған бастамаларды жан-жақты қарастыруды және парламенттік жүйені жаңғыртуға қатысты ұсынымдар әзірлеуді тапсырды. Бұл жұмыс тобының басты міндеті.
Жұмыс тобының мүшелері парламенттік реформаны іске асырудың ұсынылған тәсілдерін егжей-тегжейлі талқылады. Сондай-ақ келіп түскен ұсыныстар бойынша пікір алмасты. Отырыс қорытындысы бойынша айтылған ұсыныстар мен дәлелдерді қорытындылау және мұқият талдау туралы шешім қабылданды. Парламенттік реформаны жүргізудің негізгі тәсілдерін әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының келесі отырыстарында жалғастырылады.