Мемлекет басшысы Пәкістан Премьер-министрімен келіссөз қорытындысы бойынша БАҚ алдында сөз сөйледі

Мемлекет басшысы Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифпен жүргізген келіссөздерінің қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерінің алдында сөз сөйледі.

Алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін Премьер-министр Шах-баз Шарифке алғыс айтып, қазақ делегациясын қонақжайлықпен қарсы алған Пәкістан халқына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ тараптар мазмұнды әрі нәтижелі келіссөздер өткізгеніне тоқталды. Президент «Екі елдің өнеркәсіп саласындағы мүмкіндіктері мол» екенін атап өтті.  Бұдан бөлек тікелей әуе қатынасын қайта қосу мүмкіндігі зерделенеді. Бұл бизнесті, туризмді дамыту тұрғысында өте өзекті. Бұдан бөлек тараптар ғылым және білім саласындағы байланысты одан әрі дамытуға уағдаласты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ынтымақтастығымыздың түрлі бағыттарына серпін беретін маңызды үкіметаралық құжаттар қабылданды. Сауда, көлік және логистика, өнеркәсіп, энергетика, ақпараттық технологиялар, мәдени-гуманитарлық мәселелер жан-жақты талқыланды. Сауда-экономика саласындағы алыс-беріс күшейіп келеді. Былтыр екі жақты сауда көрсеткіштері алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе артты. Бұл бағытта елдеріміз арасындағы «Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі жол картасы» (2025-2027 жылдарға арналған) тиімді іске асырылып келеді. Біз тауар айналымын арттыру үшін нақты шаралар қабылдау жөнінде уағдаластық. Алдағы жылдары оның көлемін 1 миллиард долларға жеткізу туралы өте өршіл мақсат қойдық. Кәсіпкерлеріміздің арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру үшін қолайлы жағдай қалыптастырудың маңызын атап өттік. Әсіресе алыс-берісті кеңейту мақсатында көлік-логистика саласындағы жобаларға басымдық беретін болдық.