Халық табысын өсіру – Үкіметтің басты міндеті
Ішкі жалпы өнім артқан сайын азаматтардың нақты табысы да көбеюі керек.
Президент мұны Үкіметтің алдында тұрған негізгі міндеті деп, экономикалық өсім жоғары сапаға ие болу керегін айтты. Яғни жоғары көрсеткіш ресми құжатта ғана емес, халықтың әл-ауқатынан және тұрмысынан байқалуға тиіс. Ал аталған мақсатқа жету үшін бұған дейінгі өсімді қанағат тұтпайтын, қазіргі сын-қатерлерге жедел жауап беретін, басымдықтар егжей-тегжейлі ойластырылған экономикалық саясат қажет. Демек енді билік қолда бар қаржы ресурстарын, экономикалық өсім әкелетін басты салаларға бағыттайды. Мұндай тәсіл ұлттық табысты азаматтарымызға анағұрлым тиімді әрі әділ бөлуге мүмкіндік береді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жайында күнде ойланатынын айтып, мамандармен кеңесетінін жеткізді. Сондай ақ Үкіметтің таяу арадағы міндеті - өнімділікті арттыру, технологиялық жаңару және адами капиталды дамыту есебінен өсімді қамтамасыз ету, табысты ел игілігіне жұмсау екенін жеткізді.