Қарағанды облысында жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған коалиция жұмысын бастады

Қарағанды облысында жаңа Конституция жобасын талқылау және халыққа түсіндіру мақсатында құрылған өңірлік коалиция өз жұмысын бастады.

Бірлестік құрамына саяси партиялардың өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері мен тәуелсіз сарапшылар енген. Коалицияның басты мақсаты – конституциялық өзгерістерді жұртшылыққа кеңінен түсіндіру, ашық кездесулер өткізу және тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін жинау. Ұйым өкілдерінің айтуынша, жаңа жоба бойынша жалпыұлттық талқылау барысында халықтан және саяси сарапшылардан 10 мыңнан астам ұсыныс түскен. Бұл азаматтардың елдің негізгі заңына бейжай қарамайтынын көрсетеді. Коалиция мүшелері түсіндіру жұмыстарын қарапайым әрі түсінікті тілде, нақты мысалдар арқылы жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Өңірлік коалиция алдағы уақытта аудан-қалаларды аралап, халықпен тікелей кездесулер өткізуді жоспарлап отыр. 

Бекзат Алтынбеков, коалиция мүшесі:

- Халыққа танысуға және оны халыққа түсіндіру мақсатында отыз күннен, бір айдан астам уақыт беріліп отыр. Осы күндердің ішінде біз жаңағы осыған дейінгі халықтан түскен жалпы ұсыныс пікірлердің жұмыс тобында, реформалық комиссияда қалай қаралғаны жөнінде, жаңадан енгізіліп отырған баптар, тармақтар бойынша және біздің Конститутциямыздың преамбуласында көрсетілген нақты өзіміздің ұстанымымыз жөнінде халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу.