Жетісу облысында коалиция мүшелері тұрғындармен кездесті

Жетісу облысында жаңа Конституция жобасы талқыланды. Ел Премьер-минстрінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастаған коалиция мүшелері облыс активімен жүздесті. 

Жұмыс тобы өндіріс орнына барып, жұмысшыларымен және мәдениет қызметкерлерімен де кездесті. Алқалы жиында Ата Заңдағы өзгерістердің маңыздылығы айтылып ел пікірі тыңдалды. 

Талдықорғандағы аккумулятор зауыты  жарты ғасырлық тарихы бар іргелі кәсіпорын. Өнімін отандық және шетелдік нарыққа шығарып отырған өндіріс орнында 1200 адам еңбек етеді. Коалиция мүшелерімен жұмысшы қауыммен жүздесіп, конституциялық реформа туралы мол мағлұмат берді. Көпшілік те өз пікірін білдірді. 

Аймөлдір Нұрбек, зертхана қызметкері:

- Конституциялық заңда берілгендей білім мен ғылымға басымдылық берілуі қазіргі өндіріс саласын дамытуға мүмкіндік береді.  

Талғат Қонақбаев, зауыт директорының орынбасары:

- Жаңа конституцияда скл инновация көлемінде қолдап көмек көрсетуі біздің көңілімізден шықты. Егер мемлекет көлемінде инновацияға көңіл бөлініп, қаражат бөлініп отырса, өте арифметикалық прогрес емес, геометриялық прогрессия көлемінде дамиды ма деген ойдамыз.

Жаңа Конституция жобасы – мәдениет пен руханияттың тірегі. Себебі ел талқысына шығарылған ата заңда тарихи-мәдени мұраны сақтау, төл мәдениетті қолдау анық көрсетілген. Мемлекеттің басты құжатындағы мұндай толықтыру өнер адамдарының көңілінен шығып отыр. 

Сағындық Жұмаділ, ҚР Мәдениет қайраткері:

- Осы күнге дейін Ата заңымызда мәдениет өнер туралы жалпылама айтылатын болса, жаңа Конституция жобасында тайға таңба басқандай көрсетіліп отыр. Бұл деген біздің мемлекетіміз өнерге, мәдениетке айрықша көңіл бөледі деген сөз. Бұл еліміздегі өнердің дамуына айрықша әсер етеді.

Алқалы жиында коалиция мүшелері ата заңдағы өзгерістерді түсіндірді. Аида Балаева жаңа Конституция жобасы мемлекеттік басқарудың әділетті, тұрақты әрі тиімді моделін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Ал депутаттар құжатта халқымыз үшін қасиетті де қастерлі ұғымдардың айшықталғанын айтты.   

 Болат Керімбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Екі мыңжылдық тарихы, мемлекеттігі қалыптасқан елдің ұрпағы екеніміз кіріспе бөлімінде преамбулада жазылған болатын. Яғни тарихи сабақтастық туралы мыңжылдықтар бойы қазақ даласында мекен еткен мемлекет екеніміз анық көрсетті.

Қарастырылып отырған құжат елдің саяси жүйесін, билік құрылымын, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін айқындайды. Қоғамда заң үстемдігін орнатып, оны нығайтуға бағытталған.

Гүлшарбан Қалиева, Сарқан ауданының құрметті азаматы:

- Ең бұл жерде ұнағаны адамның құқықтары мен міндеттері жаңағы басты назарға алып отыр. Заң мен тәртіп. Тәртіп болған жерде мемлекеттің береке бірлігі де мықты болады. Тәртіп болған жерде адам заң аясында қимылдайды.

Ғалымжан Серікжанұлы, қала тұрғыны:

- Конституция жобасындағы ең ұнаған өзгерістердің бірі – жасанды интеллекті және цифрлық қауіпсіздік мәселесі. Парламенттің орнына құрылтайдың енгізілуі. Яғни құрылтай – тарихта бар дүние. Ата бабаларымыз, хандардың заманында құрылтай жиналысы болған. Бұл сол тарихи жалғастық сабақтастық деуге болады.

Алдағы референдумда дауыс беру – әр азаматтың борышы. Себебі жаңа Конституция жобасы елдің Тәуелсіздігін тұғырлы ететін тарихи құжат болмақ.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Жеңіс Әбдірешов