Талдықорғанда жаңа Конституция жобасы талқыланды

Жаңа Конституция мемлекеттік басқарудың заманауи әрі тиімді жүйесін қалыптастырады.

 Талдықорғанда Ата заңның жаңартылған нұсқасы талқыланған жиын өтті. Алқалы басқосуға Парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен депутаттар, зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестік жетекшілері мен қоғам белсенділері қатысты. «Жаңа Конституция – ұзақ мерзімді дамудың берік негізі» тақырыбындағы жиында өзгерістердің маңызы мен ел дамуына ықпалы айтылды.

Конституциялық реформа – елдің саяси жүйесін кешенді жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам. Ата заңға енгізілгелі отырған өзгерістер мемлекеттің тұрақты дамуына және демократияны нығайтуға бағытталған. Алқалы жиында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деді. Сонымен қатар ол алдағы референдумның тарихи тұрғыда мәні зор екенін атап өтті.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы: 

- Бұл мемлекет басшысының бастамасымен іске асып жатқан жүйелі жаңғыртулардың келесі маңызды кезеңдеріне өту жолындағы тарихи қадам. Елдің болашағына қатысты тағдырлы шешімді халық үніне құлақ аса отырып қабылдау нағыз демократияның жарқын көрінісі екені анық. Жаңа конституция жобасында «Заң мен тәртіп» қағидатына азаматтардың мүдделері мен құқықтарын қорғауға және орнықты даму бағдарына баса мән беріліп отыр. Мұның бәрі «Әділетті Қазақстан» идеясын конституциялық нормалар арқылы бекітудің жарқын көрінісі екені сөзсіз.    

Сенат төрағасы жаһандық сын-қатерлер мен халықаралық тұрақсыздық белең алған қазіргі кезеңде мемлекеттің құқықтық негіздерін жаңғыртудың маңызы арта түскеніне назар аударды. Сондай-ақ, жиында азаматтардың мүддесін қорғау - қабылданғалы отырған құжаттың басты функциясы екені айтылды.

Римма Салықова, кәсіпкер: 

- Конституцияда зауыттар мен фабрикаларда еңбек ететін адамдар туралы нақты көрсетілген. Олар белгілі бір деңгейде  кепілдіктер пакетін иеленеді. Себебі мұнда жұмыс уақытының сақталуы, үстеме жұмыс үшін ақы төлеу, міндетті еңбек демалысын беру қарастырылған.

Жаңа Конституция Тәуелсіздікті нығайтып, саяси институттардың дамуына серпін береді. Үкіметтік емес ұйымдардың ықпал ету аясын кеңейтіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Басқосуда сөз алғандар мен азаматтық қоғам өкілдері осындай пікір білдірді.

Дәния Қыдырбаева, Жетісу облыстық азаматтық альянсының төрайымы:

- Жаңа конституцияда скл азаматтардың мемлекеттік органдардың қызметін бақылауға, қоғамдық талқылауға қатысуға, петицияға беру құқығын жүзеге асыруға сондай-ақ, референдум арқылы шешім қабылдауға қатысу мүмкіндіктері нақтыланды. Бұл азаматтық белсенділер үшін заңды алаңын кеңеюі жаңа конституция азаматтық қоғамды тек бақылаушы емес, мемлекеттің серіктесі ретінде қарастырады. 

Мәулен Әшімбаев бастаған депутаттар қоғамның қозғаушы күші саналатын жастармен де жүздесті. Сенат төрағасы жаңартылған Ата заңда мемлекеттік саясаттың өзегі ретінде білім, ғылым, инновация айқындалғанын атап өтті. Сондықтан жастарды адам капиталын дамытатын конституциялық үдерістерге белсене қатысуға үндеді. Өз кезегінде қоғам белсенділері көкейдегі сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.

Нұржан Нұрланұлы, Қаратал аудандық "Жастар таңдауы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Мен үшін ерекше орын алды бұл кездесу. Конституциялық жобаның барлық негіздерін ойларымызға түйіп алдық. Қазір біз өз ауданымызға барғанда 18-ден асқан 35 жасқа дейінгі жастарымызға өзіміз түсіндіретін боламыз. Үгіт-насихат ретінде.  

Мемлекеттік деңгейдегі маңызды мәселе 15 наурыздағы референдумда шешіледі. Демократиялық таңдау - ел болашағын айқындайтын маңызды  қадам болмақ, дейді мамандар.  

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Жеңіс Әбдірешов