Сауда-саттықта серпіліс бар

Былтыр ішкі жалпы өнімнің 19 пайызға жуығы осы салаға тиесілі болды. Бұл туралы Президенттің қабылдауында болған Сауда және интеграция министрі мәлімдеді. 

Арман Шаққалиевтың айтуынша, маңызды секторға 1,2 триллион теңге инвестиция құйылған. Ал тауар айналымы 80 триллион теңгеге жетті. Электронды сауданың көлемі 4 трлн теңгеге жуықтап, бөлшек сауданың 15 пайызына тең болды.

Одан бөлек, елде 10 логистика орталығынан тұратын желі қалыптасты. Астана мен Алматы қалаларында екі ірі фулфилмент орталық салынып жатыр.

Қазір сауда және интеграция министрлігі еліміздің экспорттық әлеуетін нығайтуға айрықша мән беруде. Сыртқы нарыққа шығарылатын шикізаттық емес тауар түрлері мен қызметтер көлемі 41 миллиард долларға жетті. Экспорттаушыларды қаржылай қолдау тетіктері айтарлықтай кеңейді.

Кездесу соңында Президент саланы дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берді.